Түркияның қорғаныс өнеркәсібі экспорты жарты жылда 2 миллиард доллардан асты

327

Мұндай ақпаратпен Түркия президенті бөлісті.

Түркияның қорғаныс өнеркәсібі экспорты жарты жылда 2 миллиард доллардан асты Фото: Twitter

Түркия 2023 жылы қорғаныс өнеркәсібі өнімдерінің экспортын 6 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Ыстанбұлда өтіп жатқан IDEF-2023 16-шы халықаралық қорғаныс өнеркәсібі көрмесіне қатысқан Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған жыл басынан бері қорғаныс өнеркәсібі рекордтық көрсеткішке жеткенін хабарлады.

Оның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы алты айында экспорт көлемі 2 миллиард 378 миллионға жеткен. Ал жыл соңына дейін қорғаныс саласындағы бұл көрсеткішті 6 миллиард долларға жеткізу жоспарланған.

Ердоған Түркияның көптеген кедергілерге, жасырын және ашық эмбарголарға қарамастан қорғаныс өнеркәсібінің дамуына үлкен мән беретінін атап өтті.

Оның айтуынша, Түркия қазірдің өзінде отандық технологияларды дамытуға жұмсалған күш-жігердің жемісін көруде.

Мемлекет басшысы Түркияның соңғы жылдары қорғаныс өнеркәсібінде орасан зор табысқа қол жеткізгенін, тіпті әлем жұртшылығы таңданыспен қарап отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар Түркия ұшқышсыз ұшу аппараттарын, соның ішінде шабуылдаушы ұшқышсыз ұшқыштарды өндіруде әлемдегі жетекші үш елдің біріне айналған. Бұдан бөлек өз әскери кемелерін шығаратын алғашқы 10 елдің қатарында әрі осы саладағы маңызды экспорттаушы.

"Қазір Түркияның қорғаныс өнеркәсібі 850 түрлі жобаны жүзеге асыруда. Өткен жылы түрік қорғаныс өнеркәсібі экспортының көлемі 4 миллиард 400 миллион долларды құрады. Биылғы жылдың алғашқы 6 айында экспорт көлемі 2 миллиард 378 миллион долларға жетті. Мақсат жыл соңына дейін экспорт көлемін 6 миллиард долларға апару", - деді президент.

Айта кетейік, жақында Ердоған Парсы шығанағы елдеріне іссапармен барды. Сол кезде қорғаныс өнеркәсібі саласында республика тарихындағы ең ірі экспорттық келісімдерге қол жеткізілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу