Түркияның орталық банкіне жаңа басшы тағайындалды

724

Хафизе Гайе Еркан – Түркияның орталық банкін басқаратын алғашқы әйел адам.

Түркияның орталық банкіне жаңа басшы тағайындалды Фото: aa.com.tr

Ердоғанның жарлығымен Түркияның орталық банк басшылығына Хафизе Гайе Еркан тағайындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Түркияның жаңадан тағайындалған қазынашылық және қаржы министрі Мехмет Шимшек осыдан бірнеше күн бұрын Хафизе Гайе Ерканмен кездескенін жергілікті БАҚ жарыса жазған еді. Әрі орталық банк басшылығына осы есімнің келуі мүмкін деген болжамдар да айтылды. Көп ұзамай Ердоғанның жарлығымен Гайе Еркан Түркияның орталық банкіне басшы болып тағайындалды. 

Сонымен Хафизе Гайе Еркан кім?

1982 жылы Ыстанбұлда дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін Түркияның алдыңғы қатарлы Боғазичи университетінде өнеркәсіптік инженерия мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алады. Одан кейін білім жолын Америкада Принстон университетінде жалғастырады. Әлемнің ең үздік Гарвард және Стенфорд университеттерінде басқару және көшбасшылық бағыты бойынша білім алады.

Қызмет жолын Американың ірі банктерінен бастаған Гайе Еркан 2014 жылдан First Republic Bank-те 8 жылға жуық уақыт бойы тең төраға, директорлар кеңесінің мүшесі, инвестициялық директор, депозит директоры және тәуекелдер бойынша тең директор қызметтерін атқарды.

Сонымен қатар штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан Tiffany & Co зергерлік компаниясында 2 жыл басқарма мүшесі болған Еркан 2022 жылы Fortune 500 тізіміне енген жаһандық қаржылық кеңес беру компаниясы Marsh McLennan-ың басқарма кеңесіне кірді.

San Francisco Business Times журналының 2018 жылғы зерттеуіне сәйкес, Американың ең үлкен 100 банкінде президент немесе бас директор лауазымына ие болған 40 жастан кіші жалғыз әйел осы Хафизе Гайе Еркан болды. Оның жетістігі мұнымен шектелмейді. 2019 жылы ол әлем бойынша "Банк және қаржы секторындағы маңызды әйелдер" тізіміне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу