Түрме бастығы сотталды

1530

Қарағандыда тергеу изоляторының бұрынғы бастығы бес жылға бас бостандығынан айырылды. 

Түрме бастығы сотталды

АК -159/1 түзету мекемесінің бұрынғы бастығының ісі Қазыбек би аудандық сотында қаралды. Осы жылы 9 мамырда тергеу изоляторы бастығының жазасын өтеушілерді күзетсіз бостандыққа шығарып, оларды еңбекке жеккені анықталған.

Тергеу мәліметі бойынша, түрме бастығы құрылыс жұмыстарына көмек сұраған таныс әйелдің пәтеріне үш жазасын өтеушіні жіберіп отырған. Сотталғандар күні бойы күзетсіз сол үйде жұмыс жасап, кешке түрмеге көлікпен қайтып отырған. Полиция департаментінің қауіпсіздік қызметі 9 мамырда үш жазасын өтеушіні пәтерде жөндеу жүргізіп жатқан жерінен ұстаған.

Сот барысында бұрынғы түрме бастығы бұл істі танысына көмек қолын созу үшін жасағанын әрі сотталушыларды бұл жұмысқа мәжбүрлемегенін тек оларға өтініш білдіргенін түсіндірген. Сотта жазасын өтеушілер жұмысқа өз еріктерімен барғанын айтқан. Ал пәтер иесі жұмысқа келгендердің сотталушылар екенін білмегенін мәлімдеген. 

Сот үкімімен тергеу изоляторының бұрынғы бастығы Қылмыстық кодекстің 362 бабы 4 бөлігі 3 тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Сондай-ақ ол енді өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс жасай алмайды.

Түрменің экс-бастығы әділет полковнигі деген шенінен де айрылды. 

Айта кету керек, бұл іске қатысты жүргізілген қызметтік тексеруден кейін түзету мекемесінің екі қызметкері жұмыстан шығарылып, бірнешеуіне тәртіптік жаза қолданылған. Бүгінде түрмені басқарып жүріп, түрмеге түсіп қалған сотталушыға  қатысты шыққан сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу