Өзбекстан Сенаты кітап оқығаны үшін сотталғандардың жазасын жеңілдету туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қылмыстық кодекс 74-1-баппен толықтырылды, онда адамның түзу жолға түсуіне байланысты жаза мерзімін қысқарту көзделген. Атап айтқанда, әрбір оқылған кітап үшін жаза мерзімі үш тәулікке қысқартылуы мүмкін, бірақ жылына отыз күннен аспайды.
Бұл ретте сотталған адам Республикалық рухани-ағарту орталығы бекіткен әдебиеттер тізіміндегі кітаптарды оқуы керек. Сонымен қатар комиссияның қорытындысы негізінде аталған кітаптарды оқу фактісін растау қажет болады.
Сенатор Абдусаид Кучимовтің атап өтуінше, қылмыскерлердің кітаптың арқасында қалыпты өмірге оралғаны туралы көптеген мысал бар.
"Бірқатар шет елде сотталғандарды кітаппен арнайы ынталандырып, олардың түзелуі және тура жолға түсуі үшін әдебиет сыйға тартылады", – деді сенатор.
Айта кету керек, аталған ереже шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға құқығы бар адамдарға ғана қатысты. Бұл шара өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға қолданылмайды.