Тұрмыстық зорлық-зомбылық: жыл сайын полицияға 100 мыңнан аса арыз түседі

560

Мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылық: жыл сайын полицияға 100 мыңнан аса арыз түседі Фото: pixabay

2023 жылдың 8 айында полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері бойынша 67,8 мың арыз түскен. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Ведомство өкілінің сөзінше, зорлық-зомбылық – өзекті әлеуметтік мәселе.

"Бұл мәселені шешуде қоғам пікірі екіге бөлінді. Тараптардың бірі бұл мәселеде жауапкершілікті қатаңдатып, құқық бұзушыны бостандығынан айыру қажет деп санаса, екіншілері отбасыны сақтау және отбасылық және жеке өмір құпияларын жария етпеу қағидаттарын ұстанады. Бүгінгі таңда қоғам белсенділерінің бірқатары аталған құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызу туралы мәселе көтеріп жүр", - деді ол Мәжілістің комитет отырысында.

Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру әрекеттерін криминализациялау туралы пікірталастардың айтылғанына біраз жыл өтті, деп жалғастырды ол.

"1997 жылдан бастап 2011 жылдарға дейін бұл істер қылмыстық санатқа жатқызылды (1997 жылғы ҚК-тің 105-бабы).  2011 жылдан бастап 2014 жылға дейін бұл әрекет декриминализацияланды және ӘҚБтК-ке көшірілді (ӘҚБтК 79-3 бап). 2015 жылдан бастап жаңа Қылмыстық Кодекс пен ӘҚБтК-тің қолданысқа енгізілгенінен бері бұл істер қылмыстық теріс қылық санатына жатқызылып, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру болып квалификацияланды, бұл 2017 жылдың шілде айына дейін жүзеге асты", - деп нақтылады спикер.

Жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері бойынша 100 мыңнан астам арыз келіп түседі.

"Оның ішінде 2019 жылы – 151 мың, 2020 жылы – 179 мың, 2021 жылы – 155 мың, 2022 жылы – 115 мың, 2023 жылдың 8 айында – 67 854 арыз. Құрбандар отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы ашық айтады. Өз кезегінде оның 60 пайызы бойынша полиция ешқандай шара қабылдай алмаған, себебі жәбірленушілер өтініш беруден бас тартқан", - деді ІІМ өкілі.

Бұл ретте Игорь Лепеха осы жылдың 1 шілдесінен бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түзетулердің заңды күшіне енгенін тілге тиек етті.

"Тәжірибе көрсеткендей, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары полицияға өз өмірлеріне немесе денсаулығына қауіп төнген жағдайда жүгінеді. Бірақ тәртіп сақшылары келген кезде агрессорларға қарсы өтініш жазудан бас тартып жатады. Былтырдың өзінде осындай 70 мыңнан астам дерек анықталды. Енгізілген түзетулер зардап шегушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік берді", - деді ол.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда өтініштердің 92 пайызында "отбасылық агрессорлар" жауапкершілікке тартылады. Осы тұста соңғы шешімді сот қабылдайтынын атап өткен жөн.

"Заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін 2 ай ішінде, яғни шілде және тамыз айларында жауапқа тартылған "отбасылық тирандардың" саны 3 есе өсті. Егер мамыр және маусым айларында әкімшілік жауапкершілікке осындай 5,3 мың адам тартылса, шілде және тамыз айларында олардың саны 16 мыңнан асты. Сәйкесінше қамауға алынған "отбасылық агрессорлардың" саны 2 есе ұлғайды", - деді Ішкі істер министрінің орынбасары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу