Тұтынушылар қандай қызметтерге жиі шағымданады?

1228

15 наурыз – Дүниежүзілік тұтынушылардың құқығын қорғау күні.

Тұтынушылар қандай қызметтерге жиі шағымданады?

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 2021 жылы қазақстандықтар қандай қызметтерге жиі шағым түсіндіргенін анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Комитет дерегінше, ел тұрғындарының  тұтынушылық құқығы күн сайын бұзылады. 

"Тек 2021 жылы комитет 25 223 өтінішті қарады. Олардың бір бөлігі бөлшек сауда (55,4%), тұрмыстық қызметтер (15,2%), электрондық сауда (5,3%), ТКШ (4,3%), көлік (3%) салаларына тиесілі. Қабылданған шаралардың нәтижесінде азаматтарға 363 млн-нан аса теңге қайтарылды", – деп жазылған хабарламада.

Осыған қарамастан тұтынушылардан түсетін шағымдар саны жыл сайын өсіп жатыр.

"Оның ішінде бөлшек сауда ортасында 14 күнде сапалы тауарды қайтарудан бас тарту (33,9%), өнім туралы ақпарат бермеу (12,7%), ақауы бар тауарды жөндеу/айырбастаудан бас тарту (12,1%) сынды шағымдар бар. Тұрмыстық қызмет көрсету бөлігінде қазақстандықтар жиһазды дұрыс дайындамау және жөндеу (43%), пластикалық терезелерді орнату (9,6%), шаштараз және косметологиялық салондардың сапасыз қызметіне (6,7%) шағым түсірген", – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ тұтынушылардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтеріне де көңілі толмайды.

"ТКШ желісі бойынша: сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау бойынша қызметтер сапасының төмендігі (31,7%), коммуналдық қызметтер үшін ақыны негізсіз есептеу (16,7%) және тағы басқа. Көлік саласында тоқтатылған рейстер үшін ақшаны қайтарудан бас тару (13,6%), багажды тасымалдау ережелері (12,3%) және теміржол көлігіне билеттерді сатып алу кезінде талаптың  (7%) бұзылуы", – деп жазылған хабарламада. 

Сонымен қатар өткен жылы комитет тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша әлеуметтік сауалнама жүргізген. Оған 17 өңірдегі 20 мың адам қатысқан.

"Зерттеу қорытындысы бойынша тұрғындардың көбінесе медицина қызметкерлері (26,5%), интернет-провайдерлер (23,4%), қалалық қоғамдық көлік (21%), ұялы байланыс (18,4%), ТЖ көлігінің (18,1%) қызметтеріне көңілі толмайтыны анықталған", – деп жазылған хабарламада.

Көбінесе бұл қызметтерге Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Қостанай облысының тұрғындары шағымданған, ал Шымкент қаласы, Алматы, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындарынан шағым аз түскен.

Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік органдарға түсетін шағымдардың өсуі, әрі әлеуметтік зерттеу нәтижелері, жұмыстар мен тауарлар, қызметтер көрсету сапасын түбегейлі жақсарту керегін көрсетеді.

Дәурен Ерболат 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу