Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Тылы бастығының басқармасында цифрлық трансформация сыныбы пайдалануға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаңа алаң әскери логистика, жабдықтау және материалдық құралдарды есепке алу үдерістерін жетілдіруге арналған цифрлық шешімдерді әзірлеу, талқылау және сынақтан өткізу орталығы ретінде жұмыс істейді.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Алмаз Жұмакеев қатысты. Ол елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында әскерді қамтамасыз ету жүйесіне заманауи технологияларды енгізудің маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, цифрлық және интеллектуалды шешімдер материалдық құралдарды есепке алу мен мониторингтің ашықтығын арттырып, әскери бөлімдердің қажеттіліктеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Қарулы күштер Тылының бастығы полковник Арман Мансұров жаңа сыныптың материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласындағы инновациялық жобаларды әзірлеу және енгізу алаңына айналатынын айтты.
Іс-шара барысында әскери қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту, әскери тасымалдар мен инфрақұрылымды жаңарту мәселелері талқыланды.
Қорытындысында Алмаз Жұмакеев басқару үдерістерін цифрландыруды жалғастыру және әскерді қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша басым міндеттерді белгіледі.