Тыңайтқыштардың қымбаттауынан азық-түлік тауарларының бағасы өсіп жатыр

706

Тыңайтқыштарды экспорттық жеткізу бағасы 77,1%-ға артқан, ал экспорт көлемі 40,5%-ға азайған.

Тыңайтқыштардың қымбаттауынан азық-түлік тауарларының бағасы өсіп жатыр

Әлемде азық-түлік тауарлары қымбаттауда, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы energyprom.kz-ке сілтеме жасап. 

Халықаралық валюта Қоры, Дүниежүзілік банк, БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы және Дүниежүзілік сауда ұйымы бірлескен мәлімдеме жасады. Онда азық-түлік бағасының өсуі азот тыңайтқыштарын өндірудің негізгі құрамдас бөлігі болып саналатын табиғи газ құнының күрт қымбаттауымен байланысты екені жазылған.

Қазақстанда минералды және химиялық тыңайтқыштар өндірісінің көлемі төмендеді. 2022 жылғы қаңтар-наурызда азот тыңайтқыштарын шығару бір жылда 1,9%, 112,6 мың тоннаға дейін, ал фосфор тыңайтқыштарын өндіру 3,8%, 48,7 мың тоннаға дейін азайған.

БҰҰ мәліметінше, Ресей – азот тыңайтқыштарының ірі экспорттаушысы және фосфор мен калий тыңайтқыштарының екінші ірі жеткізушісі. Украинадағы соғыс қимылдары мен азот тыңайтқыштарын өндіруге қажет газдың қымбаттауынан үшінші әлем елдерінде азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін деген болжам бар.

Биыл қаңтар-ақпанда Қазақстан 32,7 млн доллар болатын 59,2 мың тонна тыңайтқыш экспорттады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда экспорт көлемі сандық мәнде 40,5%-ға қысқарды ал ақшалай мәнде көрсеткіш шамамен 1,5 есе өсті.

Негізгі көлем Украинаға жіберілген (26 мың тонна), бұл 2021 жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 2 есе аз. Экспорттың едәуір көлемі Өзбекстанға (15 мың тонна) және Эстонияға (5 мың тонна) тиесілі.

Әлемдегі тыңайтқыштардың жетіспеушілігі және олардың айтарлықтай қымбаттауы, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіру қаупінен кейін АҚШ тыңайтқыштарды санкциялар тізіміне енгізгенімен бір айдан соң Ресейден импортты санкциялардан шығаруға мәжбүр болды. 

2022 жылғы ақпанда Қазақстанда тыңайтқыштарды экспорттық жеткізілім бағасы бір жылда бірден 77,1%-ға өсті. Бір жыл бұрын бұл өнім 9,7%-ға қымбаттаған, ал 2020 жылы ақпанға қарай баға 17,3%-ға төмендеген.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу