ТЖМ авиациялық жасағы күрделі қону элементін алғаш рет пысықтады

129

Экипаждар шектеулі жол учаскесіне қону және науқасты эвакуациялау дағдыларын жетілдірді.  

ТЖМ авиациялық жасағы күрделі қону элементін алғаш рет пысықтады Фото: gov.kz

"Қазавиақұтқару" авиациялық жасағының тарихында алғаш рет ТЖМ ұйымдастырған оқу-жаттығу барысында ұшу даярлығының ең күрделі элементтерінің бірі сәтті орындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Атап айтқанда, әуе кемесі республикалық маңызы бар автомобиль жолының учаскесіне қонып, кейін шартты түрде ауыр халдегі науқасты эвакуациялау операциясы жүзеге асырылды. Оқу-жаттығу Атырау облысында "Астрахань – Атырау – Доссор – Ақтөбе" тас жолының бір бөлігінде өтті.

Шара барысында экипаждар белгіленген бағыт бойынша навигация жүргізу, жол учаскесіне қону, шартты науқасты Атырау қаласына жеткізу және төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету алгоритмдерін пысықтады.

Оқу-жаттығуға қатысқан әуе кемесін нұсқаушы-ұшқыштар Ильгар Шарипов пен Евгений Шимолин басқарды. Авиациялық навигациялық құралдармен толық жабдықталмаған тар жол учаскесіне қону экипаждан жоғары дәлдік пен кәсіби шеберлікті талап етті.

Мұндай жаттығулар шұғыл медициналық көмектің жету уақытын қысқартуға және қолжетімділігі шектеулі аймақтарда ТЖМ авиациясының дайындық деңгейін арттыруға бағытталған. Бұл алыс елді мекендерден зардап шеккендерді жедел эвакуациялауға мүмкіндік береді.

Оқу-жаттығуға ТЖМ-нің 2 әуе кемесі, 20-дан астам арнайы техника және 60-қа жуық құтқарушы, полиция, әкімдік пен "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ мамандары жұмылдырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу