ТЖО мен бөлшек сататын дүкендер қайта ашылды

952

Бүгін елдегі бірқатар кәсіпорын қайта іске кірісті. 

ТЖО мен бөлшек сататын дүкендер қайта ашылды

27 сәуірде мемлекеттік комиссия Қазақстандағы төтенше жағдай режимін жұмсарту жөнінде қаулы шығарды. Нәтижесінде 4 мамырдан бастап мынадай мекемелер жұмыс істей бастады: 

Нұр-Сұлтан 

Автобөлшек сататын дүкендерді қоса алғанда, жалпы аумағы 500 шаршы метрден аспайтын дүкендер мен басқа да бірқатар мекемелер 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл тізімде мамандандырылған ХҚКО (тек заңды тұлғаларға қызмет көрсетеді) да бар. 

Одан бұрын елордада көлікті техникалық тексерістен өткізетін орталықтар, ТЖО, көлік жуатын орындар мен автосалондар ашылған болатын. 

Алматы 

Мұнда да көлікті техникалық тексерістен өткізетін орталықтар, ТЖО, көлік жуатын орындар мен автосалондар қайта жұмысқа кірісті. Оңтүстік астананың тұрғындарының 5:00-ден 20:00-ге дейінгі аралықта облыс аумағындағы саяжайларға баруына рұқсат берілді. Мамандандырылған ХҚКО әзірше жабық тұр. 

Шымкент 

Қалада көлікке қызмет көрсететін орындар мен бөлшек сататын дүкендердің барлығы дерлік ашық тұр. 

Ақмола облысы 

Автокөлік сервисі мен бөлшек сататын дүкендердің жұмысы қайта жанданды. Көкшетаудағы мамандандырылған ХҚКО тек заңды тұлғаларға қызмет көрсетеді. 

Ақтөбе облысы 

Бұл өңірде де дәл сол жеңілдіктер жсалаған. Мұндағы автодүкендер 10:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Мамандандырылған ХҚКО заңды тұлғаларды ғана қабылдайды. 

Алматы облысы 

ТЖО, ТБО, көлік жуатын және дөңгелек ауыстыратын орындар 10:00-ден 20:00-ге дейін қызмет көрсетсе, жеке тұрған автобөлшек дүкендері 9:00-ден 18:00-ге дейін ашық тұрады. Саяжайға баратындарға 5:00-ден 20:00-ге дейін уақыт берілген. Мамандандырылған ХҚКО жабық тұр. 

Атырау облысы 

Автосалондар, ТЖО, көлік жуатын, дөңгелек ауыстыратын орындар мен бөлшек сататын дүкендер жұмыс істеп тұр. Тұрғындардың саяжайға баруына рұқсат берілген. Мамандандырылған ХҚКО ашылған жоқ. 

Шығыс Қазақстан облысы 

Облыста автосервис пен көлік бөлшектерін сататын орындар қайта іске кірісті. Саяжайға баратындар көлік құралдарының қозғалысын “нөміріндегі соңғы санның тақ не жұп болуына” сай шектеу принциптерін сақтауы тиіс. Мамандандырылған ХҚКО жабық тұр. 

Жамбыл облысы 

Облыста автосалондар мен бөлшек сататын дүкендер, ТЖО, ТБО ашылған, автобазарлар жабық тұр. Өңірде індет жұқтырғандардың көбеюіне байланысты басқа жеңілдіктер қарастырылмаған. Мамандандырылған ХҚКО да ашылған жоқ. 

Батыс Қазақстан облысы 

Автосалондар, ТЖО, көлік жуатын, дөңгелек ауыстыратын орындар мен бөлшек сататын дүкендердің жұмысы жанданды. Қоғамдық көлік қызмет көрсетуде. Саяжайға баруға рұқсат берілген. Бірақ мамандандырылған ХҚКО жабық тұр. 

Қарағанды облысы 

Карантин режимі облыстағы Теміртаудан басқа жерлердің барлығында жұмсартылды. Мұндағы халық саяжайға барып, автосервис қызметін пайдалана алады және аумағы 500 шаршы метрден аспайтын шағын автодүкендерде сауда жасай алады. Мамандандырылған ХҚКО барін бірдей қабылдайды, тек алдын ала жазылу қажет. 

Қостанай облысы 

Мұнда да шектеулер сәл босаңсыған. Автосервис нысандары жұмыс істеп тұр. Кейбір кәсіпорындардың ашылуына қатысты шешімді жергілікті шұғыл штаб 4 мамырда қабылдайды. Тұрғындар саяжайға бара алады. Мамандандырылған ХҚКО әлі ашылған жоқ. 

Қызылорда облысы 

Өңірде ТЖО, ТБО мен көлік жуатын орындар қызмет көрсетуде. 4 мамырдан бастап шағын дүкендер мен автосалондар ашылды. Тұрғындар саяжайға бара алады. Мамандандырылған ХҚКО жабық тұр. 

Маңғыстау облысы 

Автосервис нысандары, дүкендер мен автослондардың 18:00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Ақтаудағы мамандандырылған ХҚКО барлық азаматтарға қызмет көрсетеді. Саяжайға баруға да болады. 

Павлодар облысы 

Автодүкендер мен сервистік орталықтар жұмыс істеп тұр. Саяжайға баратындар үшін арнайы қоғамдық көлік қызметі ұйымдастырылды, тұрғындар саяжайға жеке көлікпен де бара алады. Мамандандырылған ХҚКО әлі ашылған жоқ. 

Солтүстік Қазақстан облысы 

ТЖО, ТБО, көлік жуатын, дөңгелек ауыстыратын орындар қызмет көрсетуде. Тұрғындардың саяжайға баруына рұқсат берілген. Мұнда мамандандырылған ХҚКО да ашылды, бірақ ол тек заңды тұлғаларды қабылдайды. 

Түркістан облысы 

Бұл өңірде автосервистер мен шағын автодүкендер ашылды. Азаматтар саяжайға бара алады. Ал мамандандырылған ХҚКО жабық тұр. 

Олжас Оқас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу