Олардың жартысы халықаралық қатынастар және дипломатия бағытын таңдаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік грант иегерлерінің тізімін 7 тамызда жариялады. Талапкерлердің көбі "Халықаралық қатынастар және дипломатия" мамандығын таңдаған. Бұл бағыт бойынша 6 талапкер – Жасур Нишанбаев, Нұрғанат Қанат, Назерке Сәрсенбай, Інкәр Қыдырбек, Жандос Нұрбаев және Ерасыл Сайлауов грант иегері атанды. Олардың барлығы Maqsut Narikbayev University университетіне түскен.
Қалған талапкерлердің таңдауы төмендегідей:
"Шетел тілі мұғалімдерін даярлау" – Әли Лоян (SDU University) және Айсұлтан Жаңбырбай (Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті);
"Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау" – Әлфия Балхан (SDU University);
"Аударма ісі" – Кәусар Алтынсары (Maqsut Narikbayev University);
"Менеджмент және басқару" – Әсет Альтаир (Maqsut Narikbayev University);
"Тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру" – Айдос Марат (Қазақстан-Британ техникалық университеті).
Осылайша, 140 балл жинағандардың сегізі Maqsut Narikbayev University, екеуі SDU University, біреуі Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және тағы бір талапкер ҚБТУ грантына ие болды.
Әсет Альтаир негізгі ҰБТ-ның өзінде максималды 140 балл жинаған. Ал бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі Әлфия Балханның KazTest нәтижесін конвертациялау арқылы қорытынды 140 балл алғанын хабарлаған.
Қалған 10 талапкердің нәтижелері де халықаралық сертификаттар немесе KazTest нәтижелерін конвертациялау арқылы есептелуі мүмкін. Алайда министрлік жариялаған тізімде олардың қайсысы осы мүмкіндікті пайдаланғаны нақты көрсетілмеген.
Айта кетейік, "Қазақстан халқына" қоры жаңа оқу жылына 350 білім грантын бөлді.
Бұдан өзге жергілікті атқарушы органдар бөлетін мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау басталды.