2026 жылғы 10 мамырда басталған негізгі ҰБТ-ны алғашқы аптада 41 мыңнан астам талапкер тапсырды. Тестілеуге қатысушылардың 67%-ы қазақ тілін, 33%-ы орыс тілін таңдаса, 103 адам ағылшын тілінде тест тапсырған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алғашқы аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 57%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 58 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 138 балл.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін де қажетті жағдай жасалып, ҰБТ-ға 134 оқуға түсуші қатысты.
Талапкерлер тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляция бере алады. Ал техникалық себептерге қатысты өтініштер тестілеу барысында қабылданады. Сертификаттар апелляция қаралғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.
ҰБТ-ның алғашқы аптасында 86 ереже бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 46 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка секілді тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 40 адамның нәтижесі тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін жойылды. Өзге адамның орнына кіру фактілері анықталмаған.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе өзге де ереже бұзу фактілері анықталса, талапкерлердің нәтижелері жойылады.
Биыл ҰБТ-ға қатысу үшін 240 мыңға жуық талапкер екі мүмкіндік бойынша 446 мыңнан астам өтініш берген.