Өскеменде полицейлер 25 жастағы жергілікті тұрғынның екі көлікті заңсыз иеленіп, есірткіге масаң күйде көлік басқарғанын анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, күдікті тұрғын үй ауласында ұзақ уақыт тұрған Mazda Cronos автокөлігін байқап, мобильді қосымша арқылы эвакуатор шақырған. Ол көлікті алып кетіп, кейін металлоломға өткізген. Осыдан 35 мың теңге алған. Ал көлік иесіне шамамен 1 млн теңге көлемінде материалдық шығын келген.
Арада бір апта өткен соң ер адам тағы бір көлікті заңсыз иеленген. Қонақта болған кезінде кіреберісте тұрған Lada 21703 автокөлігінің кілтін байқап, көлікті рұқсатсыз айдап кеткен.
– Патрульдік полиция қызметкерлері автокөлікті тоқтатқан кезде жүргізушінің көлік басқару құқығынан жеті жыл мерзімге айырылғаны анықталды. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның ағзасында каннабиноидтар бары анықталып, есірткілік масаң күйде көлік айдағаны расталды, – делінген хабарламада.
Қазір аталған фактілер бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.