Үйлер сүріледі деген әкімдік тұрғындарды неге алдап жүр?

550

Жергілікті билік жоспары жарты жолда неге кенет сұйылды?

Үйлер сүріледі деген әкімдік тұрғындарды неге алдап жүр? Фото: «Қазақстан халқына» қорының баспасөз қызметі

Таразда қаланың қақ ортасында тұрған 120 үйдің иесі өз үйлерін сата алмай әлек. Өйткені әкімдік үйлер сүріледі деп, түбі сан соқтыртқан, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Қызығы, содан бері 2 жыл өтсе де,  қызыл аймақта түк өзгермепті. Сүрмек түгіл, не жол төселмейді, не жарық жөнделмейді. Жергілікті билік жоспары жарты жолда неге кенет сұйылды? Әкімдік алдында айқайға басқан бұқараның талап-тілегі қандай?

Аймақтың бас ғимараты алдында дауға басқан бұл бұқара әкім уәдесін 2 жыл сарыла күткен. Бәрі шаһардың ең шырайлы аумағында тұрады. Бірақ қазір қаланың қақ ортасы деу аты ғана екен. Өйткені 120 үйдің кенет құны түсіп, сатылымда сұранысы төмендепті. Жұрт үйлерін не жөндеп, не сата алмайды. Бәріне себеп 80 гектар аумақтың келешекте сүрілетіндігі.

"2 жыл өтті ма?! 2 жылдан бері еш нәрсе істей алмай отырмын. Шығын шығарғымыз келмейді. Ол өйткені ауаға кететін нәрсе! Бізге жауап берсін қағаз жүзінде немесе бұзылады, бұзылмайды дегенді", - дейді Тараз қаласының тұрғыны Эльвира Тұрарқызы.

2021 жылы әкімдік үй құнын бағалап, қарашаға ұсынған. Бірақ жұрт өтемін нарықтан тым төмен ұсынды деп қапа. Артынан құп көрмеген соң, "тұтас аумақ әкімдікке керек болмай қалды  ма" деп күдіктенеді. Өйткені қаланың дәл ортасындағы 4 көшенің жолы күні бүгінге дейін төселмеген.  Жарық та жиі сөнеді дейді жұрт.  

"Көше өте қорқынышты. Асфальт төселмеген. Ешқандай жағдай қарастырылмаған. Сата алмай отыр. Өйткені бүкіл облысқа бұл ақпарат тарап кеткен, сносқа кетеді деген", - дейді Тараз қаласының тұрғыны Айнұр Мейірбекова.

Наразы нөпірді қажытқаны сүріп-сүрмеудегі нақтылықтың жоғы. Ендігі ел талабы  екеу. Әуелі әділ бағалап, үйлер сүрілсін дейді. Не болмаса талап-ереже бұзылып, алқапқа қайта көңіл бөлсін дейді.  

"Әкім енді келіп көрсін! Міне, сөйлейміз! Сатуға жазып қойғанбыз. Бір адам да келген жоқ. Жазуы да ілулі тұр", - дейді Тараз қаласының тұрғыны Асалат Мирзобаева.

Негізі бұл аймақта туристік және демалыс кешендері бой көтеруі тиіс болған. Бас жоспарда облыстық мұрағат пен қолөнершілер сарайы менмұндалауы қажет еді. Бірақ қала билігі қазір бұған қыруар қаржы қажет дейді. Сондықтан  басымдық әлеуметтік салаға берілмек. Ал сүру-келісу ісін әкімдік енді қалталы азаматтарға сілтеп отыр. Инвестор табылса, кешендер де бой көтермек.

"Әділет орындарында оны сатуға, болмаса ол жерде қайтадан құрылыс жүргізуге тыйым салынған. Шектеулер болды. Ал қазір шектеудің бәрі алынып тасталды",- дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Айта кетейік, қаланың бұл аумағын сауда-демалыс орны ету экс-әкім Мырзахметовтың кезінде жасалған. Имидждік жобаны кейінгі 2 облыс әкімі жалғастырмады. Ал бұған қатысты қазіргі Қарашөкеевтің қадамы қандай болары да белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу