"Үйлеріне паркинг арқылы кіреді": Депутат елордалықтардың мәселесін көтерді

216

Халық қалаулысы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі тұрғын үй мәселесі деген пікірде.  

"Үйлеріне паркинг арқылы кіреді": Депутат елордалықтардың мәселесін көтерді Фото: Telegram / Mazhilis_kz

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов құрылыс саласындағы заңсыздықтарды жіпке тізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бірақ Астананың жайы ерекше. Үлескерлердің өз баспанасынан айырылып қалуынан бастап, елордада апта сайын бой көтеретін тұрғын үй кешендерінің сын көтермес сапасына дейін. Жүгенсіз заңсыздықтар мен мыңдаған халықтың естілмей, естілсе де ескерілмей жатқан мұңы бар бұл жағдайды бір жақты қылмаса, іс насырға шабуы әбден мүмкін. Мысалы, "Азия плюс" тұрғын үй кешенінде тұрғындар, яғни қариялар, кішкентай балалары бар жүкті аналар, сондай-ақ мүгедектігі бар тұлғалар өз үйлеріне кіретін есігінің, не кіреберісінің болмауына байланысты, күнделікті паркинг арқылы кіруге мәжбүр. Соның салдарынан бір баланы көлік қағып, күні кеше ғана 16 наурызда екі жеткіншек арсыз педофилдің қолына түсе жаздаған фактілері анықталған. Онымен бұл мәселе біткен жоқ, бұл үйді тұрғындарға сатар кезде "Бизнес" санатындағы үй деп сатып, бірер жыл өткен соң пайдалануға қабылдау кезінде "Эконом" санатына ауыстыра салулары да мүмкін екен", - деді ол. 

Бұдан бөлек Ринат Зайытов "Успешный дом" тұрғын үй кешенінің тұрғындары алаяқтық іс әрекеттерге ұшырап отырғанын жеткізді. 

"Мәселенің мән-жайын анықтамақ оймен бір емес бірнеше әрекет жасап көрдік. Халықты ойлап жатқан бірде-бір құзыретті орган көрмедік. Олар халықты ойлауға емес, халықпен ойнауға машыққандай көрінді өз басыма. Осы жылдың 20 наурызында Парламент қабырғасында өткізген дөңгелек үстел де осы сөзімді растады. Тұрғындар алаяқтық фактісі бойынша арыз жазса да, іс қозғалмаған. Халықтың пайдасына шешілген сот шешімі орындалмаған. Осындайда біздің заңдар қарапайым халықтың мүддесін қорғауға келгенде неге қауқарсыз бола қалады? Жауапты органдар кінәні бір-бірінен іздеп, әдеттерінше ақсерек – көксерек ойнап отыр. Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлейтін, көзі қисық болса да, көкесі барлар көсем болатын әдеттен қашан арыламыз", - деп жалғастырды ол.

Депутат осы мәселеге қатысты бірқатар ұсыныс тастады. Атап айтқанда, Астана қаласы әкімдігі және құрылыс саласындағы басқармалар қызметкерлеріне кешенді тексеру жүргізуді, Сәулет және қала құрылысы саласына мемлекеттік бақылауды күшейтуді сұрады. Сондай-ақ заңды бұзған қызметекерлерге шара қолдануды да ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу