Үкімет басшысы бизнестің дамуына кедергі келтіретін мәселелерді атады

244

Бүгінгі таңда, ШОБ-қа 9 мың артық талап алынып тасталды. 

Үкімет басшысы бизнестің дамуына кедергі келтіретін мәселелерді атады Фото: inbusiness.kz

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында елдегі шағын және орта бизнестің жай-күйіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қабылданған шаралардың нәтижесінде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 36,5%-ға дейін артты. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 40%-ға дейін жеткізуіміз керек. Осы мақсатқа жету үшін қазірдің өзінде кәсіпкерлік қызметте жаңа реттеуші саясат енгізіліп жатыр", - деді Үкімет басшысы.

Оның дерегінше, қазір 9 мың артық талап алынып тасталды. Үкімет басшысы қалған мыңға жуық талаптың бизнесті жүргізу жөніндегі заң жобасы аясында алынатынын, тиісті құжат Сенат қарауында екенін жеткізді.

"Дегенмен, кейбір мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр, олар өз кезегінде кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіруде. Мысалы, әкімдіктер бизнестің базалық инфрақұрылымға қосылу бойынша өсіп келе жатқан қажеттілігін игере алмай отыр. Өңірлер жоспарланған жобаларды уақытылы пайдалануға беру үшін инженерлік желілер мен коммуникацияларды жеделдетіп жүргізуі қажет. Жалпы, бизнестің проблемалық мәселелерін шешу үшін Үкімет жанында Отандық кәсіпкерлер кеңесі жұмыс істейді", - деп жалғастырды спикер.

Премьер-Министр бірқатар мәселеге назар аударды.

"Салық салудың сервистік моделіне көшуді қамтамасыз ету қажет. Онда бизнеске қолдау көрсетуге көбірек назар аударылады. Ұлттық экономика министрлігі қосылған құн салығын қайтару мерзімін қысқарту үшін оны әкімшілендіру тәсілдерін қайта қарауы керек. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобаларға серпін беру үшін нормаларды пысықтауды жеделдетіп, кейбір салықтардан 3 жыл босата тұру қажет. Салықтардың санын 20%-ке, ал салық жөнінде есеп беру нысандарын 30%-ке қысқарту керек", - деді Әлихан Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу