Үкімет басшысы құрылыс саласын цифрландыруға қатысты 3 тапсырма берді

157

Елімізде құрылыс саласын цифрландыру барысында бірқатар кемшілік пен үйлестіру жұмыстарына қатысты қиындықтар анықталды.  

Үкімет басшысы құрылыс саласын цифрландыруға қатысты 3 тапсырма берді Фото: primeminister.kz

Отырыста Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун, сондай-ақ ІТ саласының өкілі Алмас Нұрғалиев баяндама жасады.

Олжас Бектенов биылғы бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 1 трлн теңгеден асқанын, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға жоғары екенін жеткізді. Сондай-ақ 3,7 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл былтырғы көрсеткіштен 7,5%-ға артық.

Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов тиісті ведомстволар мен өңір әкімдіктеріне оларды шешуге нақты 3 тапсырма жүктеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Құрылыс блогын цифрландыруды ерекше әрі тұрақты бақылауда ұстау керек. Осыған байланысты мынандай негізгі міндеттерге тоқталғым келеді. Бірінші, өткен жылдың қараша айында 89 қалада инфрақұрылымдық деректердің геопорталы арқылы рұқсат құжаттамасын беру мен эскиздік жобаларды келісудің пилоттық жобасы іске қосылды. Нәтижесінде бірқатар елді мекенде нақты шекаралардың бекітілген бас жоспарлармен сәйкес келмеуі, сондай-ақ кейбір жер учаскелерінің дұрыс берілмегені анықталды. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне, өңір әкімдіктеріне және "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясына осы жылғы 1 қыркүйекке дейін деректердегі сәйкессіздіктерді жоюды тапсырамын. Екінші, құрылыстағы жасанды интеллект жобалау, қала құрылысын басқару ісінде және басқа да салаларда шешім қабылдау кезінде көмекшіге айналуға тиіс. Цифрлық даму, өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне құрылыс салу тығыздығын инфрақұрылымды дамытудың техникалық шарттары мен деңгейіне сәйкестігін қоса алғанда, 1 ай мерзімде құрылыс саласындағы ЖИ модульдерінің ауқымын кеңейту бойынша шешімдерді әзірлеуді тапсырамын. Үшінші, инженерлік желілерге қосылу үшін техникалық шарттар беру рәсіміне бизнес пен тұрғындардың тарапынан көптеген шағым түсіп жатыр. Оларды берудің қолданыстағы бұлыңғыр, тым ұзақ әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін күшейтеді. Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қала құрылысы кадастрлық жүйесі арқылы техникалық шарттарды міндетті түрде цифрлық форматта беру жөнінде жүйелі шараларды қабылдауды тапсырамын, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Аталған жұмыстарды бақылау мен үйлестіру Роман Склярға жүктелді.

Елімізде құрылыс саласындағы барлық портал интеграцияланып, бірыңғай ақпараттық жүйе құрылады.

Қазірдің өзінде 89 қалада бастапқы рұқсат құжаттарын, техникалық шарттарды беру цифрлық жүйе арқылы іске асырылып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу