Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Назарбаев университетіне барып, ҚР президентінің жолдауын іске асыру мен оның Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында берген тапсырмаларын орындау мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы primeminister.kz сайты жазды.
Назарбаев университеті - ауқымды ғылыми-білім беру экожүйесі, мұнда оқытудан бөлек, түрлі ғылыми-инновациялық зерттеулер жүргізіледі.
Премьер-министр оқу орнына Назарбаев университетінің мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін іске асырудағы мүмкіндіктерімен танысу мақсатында барды.
Бақытжан Сағынтаев университеттің оқу зертханаларында болып, студенттердің ғылыми жобалар бойынша зерттеулер жүргізетін орындарының жағдайы мен ондағы жабдықтармен танысып шықты. Сонымен қатар премьер-министр бизнес-инкубатордың, биотехнологиялық зертхананың және "Heart Stitch", физика және аккумуляторлар институты зертханаларының жұмысын көзбен көрді.
Кейін Бақытжан Сағынтаев Назарбаев университетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесу өткізді. Кездесу барысында ҚР президентінің алға қойған міндеттерін атқарудағы оқу орнының рөлі туралы сөз қозғалды.