Премьер-министр Олжас Бектенов негізгі азық-түлік бағасының орынсыз өсуіне жол бермеу қажет екенін баса айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, элеваторларда астықтың жаңа түсімін уақтылы қабылдап, кептіруді қамтамасыз етсін. Өнімді сақтау инфрақұрылымын толық пайдалану керек. Астықты, оның ішінде жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін сақтау бойынша қызмет көрсету бағасын негізсіз өсіруге жол бермеңіздер. Қажет болған жағдайда, бұл жұмысқа бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін де тартқан жөн", – деді Үкімет басшысы.
Көлік министрлігіне "Қазақстан темір жолы" компаниясымен бірге астық тасымалдайтын вагондар мен жүк көліктерінің жеткілікті көлемін қамтамасыз ету тапсырылды.
"Астықты жинау мен тасымалдау кестесін үйлестіру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге жұмыла жұмыс істеу керек. Егін жинау науқаны кезінде азық-түлік тауарларының қорын жасақтап алу қажет. Өңір әкімдіктері көкөніс өнімдерінің негізгі түрлерін қажетті көлемде жеткізу үшін қыркүйек айының соңына дейін келісімшарт жасауды қамтамасыз етсін. Сауда министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдеріне баға белгілеу тізбегінде делдалдық схемаларға қарсы шаралар қабылдап, астықтың фермерлер үшін әділ шарттармен сатылымын қамтамасыз етсін. Сонымен қатар негізгі азық-түлік бағасының орынсыз өсуіне жол бермеу қажет. Сауда министрлігі әкімдіктермен бірге баға саясатын реттеу үшін қолдағы барлық құралдарды іске қосып, бұл мәселені қатаң бақылауға алуы керек", – деді Олжас Бектенов.