Аталған жоба өңірлерде, әсіресе моно және шағын қалаларда, ауылдық жерлерде шағын және микробизнесті дамытуға бағытталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қуатты әрі бәсекеге қабілетті кәсіпкерліктің дамуы – орнықты экономикалық өсудің негізгі факторы. Өздеріңізге мәлім, жуырда Мемлекет басшысы іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін жедел түрде шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын қабылдауды тапсырды. Үкімет шағын және микробизнесті нақты қолдауға, өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, өндірісті дамытуға бағытталған кешенді құжатты әзірледі, – деді Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, бағдарламаның негізгі тәсілі – өңірлік әлеуетті және қажеттіліктерді ескере отырып, жергілікті атқарушы органдардың басым салалардың қосымша тізбесін қалыптастыру арқылы кәсіпкерлікті дамыту үшін өңірлерді ортақ жауапкершілікке тарту.
Бағдарламада өңірлік экономиканың құрылымын көрсететін субсидиялау лимиттерінің екі деңгейлі жүйесі көзделмек. Бірінші деңгей Абай, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары үшін бюджеттің 30%-ына дейін субсидия бөлу болса, екінші деңгей – қалған өңірлерге субсидиялар бюджетінің 70%-ына дейін бөлу.