Үкімет мүшелері утиль алым туралы бизнесмендер ұсынысына пікір білдірді

600

Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр металл өңдеуші бизнесмендердің пікірі дұрыс емес деп есептейді, бірақ "мүмкін емес ештеңе жоқ" дегенді де айтады. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев ұсынысты қарастыруға әзір, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Үкімет мүшелері утиль алым туралы бизнесмендер ұсынысына пікір білдірді Фото: Максим Морозов

Кеше Қайталама металлургия өнеркәсіпшілері республикалық одағының төрағасы Владимир Дворецкий, тіркелмеген "Намыс" партиясының жетекшісі Санжар Боқаев және "Шолпан ата" аграрлық қозғалысының жетекшісі Алмасбек Садырбаев ауыл шаруашылығы техникаларына арналған утиль алым мәселесі бойынша БАҚ арқылы үкіметке ұсыныс айтты. 

Дворецкийдің айтуына қарағанда, металл өңдеушілер ескірген техникаларды қабылдап алып, өз қаражаттарына қайта өңдеуге, мемлекетке оның утиль алымын төлеуге дайын.

"Есесіне шаруалар жаңа техника алғанда утиль алым төлеуден босатылсын", - дейді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев "шынымен осындай ұсыныс болса" қарастыруға дайын екенін айтты. Бірақ ұсыныс иелері өздері "негізді түрде түсіндіріп беруі керек".

Ал үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр оларды "хайпқұмар" деп есептейді.

"Өкінішке қарай, бізде көптеген адам өзін сарапшы санайды. Бүгін өндіріс туралы, ертең ауыл шаруашылығы туралы айтады. Үкімет экономиканың барлық саласын дамытады. Соның ішінде ауыл шаруашылығы мен машина жасауды да қолдайды. Мен аталған ұсыныс иелерінің көзқарасы дұрыс деп санамаймын", - дейді ол. 

Журналистер утиль алым мәселесі тағы да қаралуы мүмкін бе деп сұрады.

"Әрине, мүмкін емес ештеңе жоқ. Бірақ біз біртұтас экономикалық кеңістікте тұрғанымызды ұмытпаңыз. Біздің көршілерімізде утиль алым бар. Бізде өндірушілерімізді қорғайтын басқа механизм жоқ, машина жасау болсын, басқа сала болсын", - дейді Роман Скляр.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу