Үкімет уәдесі: Биыл барлық сын-қатерге дайынбыз

470

Біз биыл барлық сын-қатерге дайынбыз. Наурыздан кейін азық-түлік бағасы түсіп, жыл аяғына дейін экономикалық өсім болады.

Үкімет уәдесі: Биыл барлық сын-қатерге дайынбыз Фото: primeminister.kz

Үкімет осы жылғы алғашқы отырысын осындай уәдемен бастады. Әлихан Смайылов ол үшін қандай шаралар атқарылатынын айтты. Сондай-ақ, Үкімет құрамына қосылған жаңа министрлерді де таныстырды.

Үкіметтің жаңа жылдағы алғашқы отырысында жақында тағайындалған жаңа 5 министр төбе көрсетті. Келе сап, адал болуға ант берді. Тек Оқу-ағарту министрінен өзгесі айтатын сөзін жаттамай, "шпаргалкаға" сүйенді. 

Ант қабылданды. Енді шаруа шаш етектен. Өткен жылы Тоқаевтың үдесінен шықпаған Үкімет биылғы жоспарымыз жойқын,- деп отыр. Кез-келген сын-қатерге төтеп беруге әзірміз. Бірі орындалмаса, екінші жоспарымыз дайын. Соның арқасында қымбатшылық болмайды. Инфлацияны 2 есе төмендетіп, 9,5 пайыз деңгейінде ұстаймыз,- деп уәде берді. Әйтпесе өткен жылы ауыздықтау мүмкін болмай, базалық ставка 5 мәрте көтерілгені есте.  

"Жалпы геосаяси ахуал қиын болады деп ойлаймыз. Бүкіл сценарийге дайынбыз. Керек кезде біз экономикалық саясатты өзгертіп, тиісті шешімдерді қабылдаймыз. Керек болса республикалық бюджетті де нақтылаймыз", деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов. 

Үкімет биыл экономика өсімін 4 пайызға жеткізбекші. Өткен жылы 3,1 пайыз болды. Сондықтан ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру мақсаты тұр. Ол үшін ауыл шаруашылығына көңіл бөлінбекші. Мәселен 540 млрд теңгеге 265 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Индустрия саласында 1,1 трлн теңгеге 150 шаруа орындалады. Шағын және орта бизнесте кәсіпкерлер санын 3 млн 800 мыңға жеткізбекші. 400 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. 1 млн-нан астам азамат жұмысқа тұрғызылады. 

Бұдан бөлек, биыл микрокредит алу қиындайды. Үкімет әсіресе жағдайы төмен азаматтарға қатаң талап енгізіп отыр. 

"Біріншіден, мерзімі өткен берешегі 90 күнтізбелік күннен асатын азаматтарға кепілсіз тұтынушылық қарыздар мен микрокредиттер беруге шектеу енгізіледі. Бұл жаңа несие беруді және төлемге қабілетсіз қарыз алушылардың борыштық жүктемесінің өсуін шектейді", деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова. 

Биыл Үкімет әлеуметтік мәселеге баса назар аудармақ. Әкімдер мен министрлер халықтың жағдайы тұрақты болуы үшін жұмыс істейді,- деді Премьер-министр. 

Айтпақшы Смайыловтың Үкімет басына келгеніне бүгін тура бір жыл. Жайшылықта журналистер алдына шықпайтын премьер, бүгін атаулы күні бір есеп беруді жөн көрген сияқты. Бірқатар сұраққа жауап қатып, бәрі жақсы болатынына сендіріп бақты. 

Арай Сүгірбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу