Кеңесте ең алдымен жаңа оқу жылына дайындық барысы қаралды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова оқушыларды қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға көмек көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бұл бағыттағы шаралар барлық өңірде жүргізіліп, тұрақты бақылауда екені айтылды.
Аида Балаева жаңа оқу жылына дайындықты сапалы ұйымдастыру үшін барлық деңгейде кешенді жұмыс қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, мектептердің инфрақұрылымдық дайындығын қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарын қажетті ресурстармен уақытылы жабдықтау және әлеуметтік осал отбасылардың балаларына қолдау көрсету – негізгі міндеттердің бірі.
Вице-премьер жоспарланған жұмыстарды сапалы орындауды, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және маңызды мәселелерді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе балалардың жазғы демалысы мен сауықтыруын ұйымдастыруға арналды.
Сонымен қатар балалар демалысы орталықтарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау және өңірлер арасында тиімді тәжірибе алмасу мәселесіне назар аударылды. Биыл 17,8 мың бала, оның ішінде ауылдық жерлердегі 5 890 бала өзге өңірлерде орналасқан сауықтыру орталықтарына жіберілген. Бұл қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, балалардың сапалы демалысқа қолжетімділігін арттыруға және өңірлер арасындағы мүмкіндіктер алшақтығын азайтуға мүмкіндік берген. Жиында балалар сауықтыру орталықтарының лицензиялануы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі де талқыланды.
Қазіргі таңда 131 балалар сауықтыру орталығы тиісті лицензия алған. Аида Балаева балалардың қауіпсіздігі кез келген жағдайда басты басымдық болуы керектігін айтты.
Бұл талап тамақтану сапасы мен қауіпсіздігінен бастап, балаларды тасымалдау, санитариялық және өрт қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп, сондай-ақ су айдындары мен адам көп жиналатын орындардағы қауіптің алдын алуға дейінгі барлық бағытты қамтиды.
Вице-премьер профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімді байланысты арттыруды және балалардың демалысын ұйымдастыруға жауапты барлық қызметтердің жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.
Жазғы сауықтыру науқанын қорытындылай келе, Аида Балаева атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жасап, қабылданған шаралардың тиімділігін бағалауды және алынған нәтижелерді келесі жылғы балалар демалысын ұйымдастыру кезінде ескеруді тапсырды.