Үкіметтік делегация Алматы облысынан Жезқазғанға бет алды

832

Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік делегацияның жұмыс сапары Алматы облысында жалғасты.

Үкіметтік делегация Алматы облысынан Жезқазғанға бет алды

Күннің алғашқы шарасы ретінде "Инфраэнерго" ЖШС базасында қала, аудан әкімдерімен, өнеркәсіп кәсіпорындарының, бизнес-құрылымдар мен кәсіподақ ұйымдарының басшыларымен кеңес өткізілді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Кеңеске қатысушылар жалақысы төмен қызметкерлердің еңбек ақысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту, аз қамтылған қызметкерлерге әлеуметтік көмек көрсету мәселелерін қарастырды.

Облыста әлеуметтік жауапкершілік танытудың мысалы ретінде Жамбыл ауданынан "Ақтерек" шаруа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіповті келтіруге болады. Ол ауылдастарын жұмыспен  қамтамасыз етті. 50 орындық "Дәрия-2016" балабақшасын, заманауи футбол алаңын, сондай-ақ "Болашақ" әмбебап сауда орталығын салды. Ең бастысы, ол 2008 жылдан бастап көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ өз шаруашылығының жұмысшылары үшін 105 үй тұрғызды.

Шара соңында Гүлшара Әбдіқалықова кәсіпорындар және бизнес-құрылымдар басшыларын Темірлан Шайнүсіповтің ізгілігіне қолдау көрсетіп, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына жүйелі әрі жан-жақты көмек көрсетуге шақырды.

Бұдан әрі Гүлшара Әбдіқалықова 2017 жылы мамырда ашылған көп салалы облыстық балалар ауруханасының неонатальды орталығына барды.  Ал жұмыс сапарының соңында ҚР Премьер-министрінің орынбасары "Қаратал" шағын ауданындағы студенттерге арналған жатақхана құрылысының барысымен танысты. Осымен үкіметтік делегация Алматы облысындағы жұмысын аяқтап, Қарағанды облысының Жезқазған қаласына бет алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу