Украина дрондары Ресейдің Пенза облысы мен Удмуртиядағы Wildberries компаниясының қоймаларына шабуыл жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Пенза облысындағы қоймаға жасалған дрон шабуылы салдарынан бір адам жарақат алды. Тағы 200 қызметкер эвакуацияланды. Белгілі болғандай, қойма аумағында өрт шыққан. Бұдан басқа Удмуртиядағы Сарапул қаласында орналасқан Wildberries логистикалық орталығы да шабуылға ұшырады. Компания мәліметінше, бұл нысанда да қызметкерлер қауіпсіз жерге көшірілген. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, зардап шеккендер жоқ.
Компания логистикалық тізбек қайта ұйымдастырылғанын хабарлады. Қазір басқа орталықтар арқылы тауарлар қабылданып, тапсырыстар жөнелтіліп жатыр.
Шілденің екінші жартысынан бері украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттары Ресейдің Wildberries маркетплейсінің қоймаларына бірнеше рет шабуыл жасады. Украина президенті Владимир Зеленский мұны Ресейдің Украинадағы азаматтық инфрақұрылымға жасаған шабуылдарына қарымта жауап деп атады. Оның сөзінше, Тамбов облысы мен Мәскеу облысындағы Wildberries логистикалық орталықтары дрондар мен навигациялық жабдықтар өндірісіне қажетті бөлшектерді жеткізу үшін пайдаланылған.