Украина кезекті рет F-16 жойғыш ұшағынан айырылды

483

Осындай ұшақтың жойылуы Украина Қарулы күштері үшін елеулі шығын болып саналады.  

Украина кезекті рет F-16 жойғыш ұшағынан айырылды Фото: cfr.org

Украина Қарулы күштерінің Әуе күштеріне тиесілі F-16 жойғыш ұшағы майдандағы жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде апатқа ұшырады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Украина Әуе күштерінің хабарлауынша, ұшақ ресейлік әуе нысандарын тосқауылдау тапсырмасын орындап жүрген кезде бортта төтенше жағдай туындаған. Соның салдарынан ұшқыш катапультпен секіруге мәжбүр болған.

Әскери қызметкер сәтті эвакуацияланып, медициналық мекемеге жеткізілген. Оқиға салдарынан бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендер мен қираулар тіркелмеген.

Қазір апат орнына сарапшылар мен құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның нақты себептері анықталуда.

Бұл – Украина Қарулы күштері жоғалтқан төртінші F-16 жойғышы.

Алғашқы америкалық көпмақсатты F-16 ұшақтарының 10 данасы Украинаға 2024 жылдың тамыз айының басында Дания мен Нидерланд бастаған еуропалық коалиция арқылы жеткізілген болатын. Сол кезде 2024 жылдың соңына дейін тағы 20 ұшақ, ал 2025 жылдың ішінде Украина Әуе күштерінің құрамындағы F-16 саны 79-ға жететіні хабарланған еді. Украиналық ұшқыштар бұл ұшақтарды басқару бойынша АҚШ-та арнайы дайындықтан өткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу