Украина президенті Владимир Зеленский Киев, Мәскеу және Вашингтонның келесі келіссөздері наурызда өтетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ға сілтеме жасап.
Күні кеше Зеленский Ақ үй басшысы Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті. Тараптар Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер барысын талқылады.
"Ертең Женевада біздің (ред. – Украина мен АҚШ) өкілдеріміз екіжақты кездесуде талқылайтын мәселелер туралы сөз болды. Сонымен қатар наурыз айының басында үшжақты форматта өтетін келесі толық құрамдағы кездесуге дайындық жайы талқыланды", – деді Украина басшысы Telegram-арнасында.
Телефон арқылы өткен келіссөзге америкалық тараптан Стивен Уиткофф пен Джаред Кушнер де қатысқаны белгілі болды. Владимир Зеленский Украина мен Ресей арасындағы келесі кездесу келіссөздерді президенттер деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді деп үміт білдірді. Оның әріптесі Трамп та бұл бастаманы қолдап отыр.
Бұған дейін үшжақты кездесу ақпан айының соңына дейін өтуі тиіс болған. Украина президенті оның не себепті кейінге қалдырылғанын айтпады.
Айта кету керек, бұған дейін Канада Украинаға көмекті арттырып, Ресейге жаңа санкция салғанын жазғанбыз. Оттава Киевке жан-жақты қолдау көрсетуге бейілді. Швейцария Ресейден сұйытылған газ импорттауға тыйым салады.