Владимир Зеленский Таяу Шығыс елдеріне дрондарға қарсы күрес тәжірибесін бөлісуге дайын екенін жеткізіп, ұсыныс тастады, деп жазады inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
Ресми Киев көрсеткен көмегі үшін қаржы мен жаңа технологиялар алғысы келіп отыр.
Владимир Зеленскийдің айтуынша, Украина бірнеше сарапшы тобын Таяу Шығысқа жіберген. Мамандар Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Иорданиядағы америкалық әскери базаға барып, дрондарға қарсы жүйелердің жұмысын таныстырып, кеңес беріп жүр.
"Біз ешқандай әскери операцияға қатысып жатқан жоқпыз. Украина Иранмен соғысып жатқан жоқ", – деді Украина президенті.
Зеленскийдің айтуынша, мұндай тәжірибеге АҚШ, Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдері қызығушылық танытып отыр.