Украина әскері Ресейдің Ярославль қаласындағы "Славнефть-ЯНОС" мұнай өңдеу зауытына соққы жасады. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Бұл нысан Украина мен Ресейдің шекарасынан 700 шақырымға жуық қашықтықта орналасқан.
"Славнефть-ЯНОС" – өндіріс қуаты бойынша Ресейдегі бесінші ірі мұнай өңдеу зауыты. Кәсіпорын жылына 15 млн тоннаға дейін мұнай өңдей алады. Astra басылымының дерегіне сәйкес, жыл басынан бері зауытқа алты рет шабуыл жасалған.
Бұған дейін Ярославль облысының губернаторы Михаил Евраев аймаққа ауқымды шабуыл жасалғанын және 88 ұшқышсыз ұшу аппаратының атып түсірілгенін мәлімдеген еді. Бірақ та, мұнай өңдеу зауытына жасалған соққы туралы айтылмады.
Өңір басшысы шабуыл салдарынан бір жеке тұрғын үй өртеніп, бірнеше көпқабатты үйдің терезелері сынғанын хабарлады.
Украина президенті Зеленский сәрсенбіге қараған түні Башқұртстандағы "Башнефть-Новойл" мұнай өңдеу зауытына да соққы жасалғанын мәлімдеді.