Украина Ресейге қарсы дрон шабуылдарын күшейтетінін мәлімдеді

436

Бұл туралы Владимир Зеленский өзінің Telegram-арнасында хабарлады.    

Украина Ресейге қарсы дрон шабуылдарын күшейтетінін мәлімдеді Фото: t.me/V_Zelenskiy_official

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейге қысымды күшейту арқылы оны соғысты тоқтатуға мәжбүрлеуді көздейтін Украина Қауіпсіздік қызметінің 40 күндік арнайы операциясын мақұлдады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

В.Зеленскийдің айтуынша, Украина Қауіпсіздік қызметі төрағасының міндетін уақытша атқарушы Евгений Хмара оған жүргізіліп жатқан арнайы операциялар, Ресейге қарсы қолданылып жатқан "алыс және орта қашықтықтағы санкциялар" деп аталатын шаралар, сондай-ақ "Альфа" арнайы операциялар орталығының қызметі жөнінде есеп берген.

Украина билігі "алыс және орта қашықтықтағы санкциялар" дегенде Ресей аумағындағы әскери және энергетикалық нысандарға, соның ішінде Украина шекарасынан шалғай орналасқан өңірлер мен Ресей аннексиялаған Қырымдағы нысандарға дрондар арқылы жасалатын соққыларды меңзеп отыр.

Зеленскийдің сөзінше, соңғы бірнеше айда УҚҚ әртүрлі дрондарды тиімді пайдалану арқылы майдандағы Украина қорғанысын күшейтуде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Сонымен қатар ол УҚҚ-ның "Альфа" арнайы операциялар орталығын Ресей армиясының жеке құрамына және әскери техникасына ең көп шығын келтірген бөлімшелердің бірі ретінде атады.

24 маусымда Зеленский Украинаға "Үлкен жетілік" (G7) елдерімен талқыланған қажетті құралдар берілсе, Ресейді бейбітшілікті таңдауға мәжбүрлей алатынын мәлімдеген болатын.

Соңғы кездері Украина Ресей аннексиялаған Қырым түбегіндегі және Ресейдің бірқатар өңірлеріндегі әскери және энергетикалық инфрақұрылымдарға дрон шабуылдарын күшейтті.

25 маусымға қараған түні Украина дрондары Краснодар өлкесінің Красноармейск ауданындағы "Полтавская" мұнай базасына шабуыл жасады. Краснодар өлкесінің жедел штабының мәліметінше, дрон бөлшектерінің құлауы салдарынан нысанда өрт шықты. Аталған мұнай базасы Краснодар өлкесінің бір бөлігі мен Адыгея Республикасын жанармаймен қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ "Кача" әскери әуеайлағының маңында күшті жарылыс болған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу