Украинаның мемлекеттік мүлкіне жататын Днепропетровск әскери госпиталі қазақстандық "БТА Банк" АҚ-ға кепілзат ретінде қойылған. Бұл туралы "ҚазАқпарат" ХАА ресми сауалына жауап берген Днепропетровск облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.
"БТА Банк" бұқаралық акционерлік қоғамы (Киев қаласында тіркелген) ипотека келісімшарты негізінде Днепр қаласындағы 385-ші әскери госпитальді "БТА Банк" АҚ-ға (банк-бенефициар Қазақстан Республикасында тіркелген) кепілзат ретінде аударған. Екі банктің арасында тиісті келісім жасалды", - делінген ресми хабарламада.
Днепропетровск облысының прокуратурасы аталған құжаттың заңсыз рәсімделгені жайында мәлімдеп отыр. Осыған байланысты сот органдарына жүгінбекші. Алайда ипотека алған адам жылжымайтын мүлікті кез келген уақытта өндіріп алады деп қауіптенеді.
Бұған дейін Украинаның Жоғарғы шаруашылық соты Днепропетровск облысы бойынша мемлекеттік мүлік қорының арызын қанағаттандырған болатын.
Сот шешіміне сәйкес, Украинадағы әскери госпиталь мемлекеттік мүлік қорына қайтарылуы тиіс еді. Алайда соттың алғашқы отырыстары кезінде "БТА Банк" БАҚ оны "БТА Банк" АҚ-ға кепілзат ретінде беріп жіберген.