Алматы қаласы мен облысының күш құрылымдарының кинологиялық бөлімшелері қызметтік иттерді асылдандыру және селекциялық жұмысты дамыту мәселелері бойынша маңызды кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Басқосу бірлескен іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға бағытталды.
Кездесу аясында Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің кинологиялық орталығы Қазақстан Республикасы ІІМ Кинологиялық орталығына Малинуа тұқымындағы бельгиялық овчарканың үш күшігін табыстады. Жеті айлық иттер алдағы уақытта асылдандыру жұмыстарына пайдаланылып, қызметтік иттердің генетикалық әлеуеті мен жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған иттердің шығу тегі ерекше. Олардың әжесі 2019 жылы Австриядан кинологиялық орталыққа әкелінген. Осы тұқымнан тараған қызметтік иттер Алматыда өткен беделді көрмелерде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Атап айтқанда, Артист есімді күшік "Үздік күшік" номинациясын жеңіп алып, Ресей Федерациясының чемпионы атанған. Осылайша ол өз тегінің ерекшелігі мен тұқым қуалайтын қасиеттерін дәлелдеді.
Мамандардың айтуынша, чемпиондық асыл тұқымды иттерді пайдалану қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тартылатын қызметтік иттердің даярлық сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл селекциялық бағдарламаларда өзінің тиімділігін дәлелдеген.
Кинологиялық орталықтардың өзара тәжірибе алмасуы мен қызметтік иттерді тұқымдастыруы Қазақстандағы заманауи кинологиялық қызметті дамытуға, ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуға және күш-жігер мен ресурстарды тиімді біріктіруге бағытталған.
Айта кетейік, кинология – иттерді өсіру, үйрету және қызметтік бағытта даярлаумен айналысатын сала.