Әділет Зейнел марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында жәбірленуші мәртебесінде қалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін Әділет Зейнел өзін жәбірленушілер қатарынан алып тастауды сұрап, өтініш берген болатын. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Кейін сот тергеуі аяқталуға жақындағанда судья одан бұған дейін берген өтінішін нақтылады.
"Сіз осы қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінде қаласыз ба?", – деп сұрады судья.
Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінде қалатынын айтты. Судья бұл оның қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен шығару туралы бұған дейін берген өтінішінен бас тартатынын білдіре ме деп нақтылады. Әділет Зейнел оң жауап берді.
Айта кету керек, қызметтік міндетін орындау барысында көз жұмған Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел жақында YouTube арналарының біріне сұхбат беріп, фельдшердің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын айтқан еді.