Ол әлі күнге дейін боксшы балаларының жекпе-жегін тікелей көре алмайтынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кеше ғана Англияның Ливерпуль қаласында әлем чемпионаты аяқталып, ағайынды Махмұд (55 келі) пен Төрехан Сабырхандар (70 келі) топ жарған еді.
Бір емес, екі чемпионды дүниеге әкелген алтын құрсақты ана балаларына жанкүйерлік еткен ел тұрғындарына алғысын жаудырды.
– Балаларымның жетістігіне қуанамын. Бұдан да биік белестерді бағындыруына тілекшіміз. Осы жарысқа кеткенде екі баламның да чемпион болып ораларына сендім. Махмұд бірнеше жылдан бері жарыстарға қатысып келеді. Ал Төрехан ересектер санатындағы жекпе-жектерге бірінші рет қатысты. Оның қарсыластары өзінен әлдеқайда үлкен әрі тәжірибелі. Телефонмен сөйлескенде "Махмұд саған сенеміз, мына Татошқа да (Төреханды айтады) ағалық ақылыңды айтып, рингке қалай шығуды көрсетіп отыр" дедік, – деп ағынан жарылды Меңтай Әсілова.
Ол барлық анаға осындай қуанышты сезім тілейтінін де жеткізді. Әрі қос боксшы ұлының кездесуін тікелей қарауға жүрегім дауаламайтынын айтты.
– Біздің бір қыз, төрт ұлымыз бар. Бәрі де жанашыр, мейірімді болып өсті. Әлі күнге дейін бір-бірін қолдап жүреді. Отбасымызда алған үлгілері лайым осылай жалғасқанын қалаймын. Енді ұлдарымның 2028 жылы Олимпиада чемпиондары болуын тілеймін, – деді ол алдағы арманын бөлісіп.