Үлкен Алматы айналма автожолында жол жүру құны қымбаттайды

382

Жаңа тариф бойынша жеңіл автокөліктер үшін бір реттік жол жүру құны 0,14 айлық есептік көрсеткішті (605,5 теңге) құрайды.  

Үлкен Алматы айналма автожолында жол жүру құны қымбаттайды Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Бұған дейін бұл санаттағы көліктер үшін тариф 0,07 АЕК болған еді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

16 тамыздан бастап Үлкен Алматы айналма автокөлік жолымен (ҮАААЖ) жүру құны артады. Бұл көлік министрі міндетін атқарушы Мақсат Қалиақпаров қол қойған бұйрыққа сәйкес жүзеге асады.

Құжат алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.

Сондай-ақ 16 орынға дейінгі автобустар мен жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін жол ақысы – 692 теңге, 32 орынға дейінгі автобустар мен 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – 1211 теңге, 32 орыннан асатын автобустар мен 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – 1384 теңге болады.

Ал жүк көтергіштігі 10-15 тонна аралығындағы жүк көліктері 1730 теңге, 15 тоннадан асатын жүк көліктері, оның ішінде тіркемесі мен жартылай тіркемесі бар көліктер 1903 теңге төлейді.

Министрлік мәліметінше, айлық және жылдық абонементтердің құны өзгеріссіз сақталады.

Сонымен қатар жүргізушілерге екі жағдайда жол жүру ақысына 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Жеңілдік ақылы жолға кіргенге дейін алдын ала төлем жасалғанда немесе жол ақысы жүйеде тіркелгеннен кейін жеті жұмыс күні ішінде төленген жағдайда қолданылады. Белгіленген мерзім өткеннен кейін жеңілдік берілмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу