Үлкен Алматы көліне жаяу жүргіншілер жолы салынбақ

113

Алматыда қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында 2026–2028 жылдарға арналған қала бюджетіне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. 

Үлкен Алматы көліне жаяу жүргіншілер жолы салынбақ Фото: Туры в Казахстан

Жиын барысында ішкі бюджетті қайта бөлу есебінен бірқатар жаңа инфрақұрылымдық жобаларға қаржы бөлу жоспарланып отырғаны айтылды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Алматы қаласы экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергеновтің мәліметінше, соның ішінде Үлкен Алматы көлі бағытына жаяу жүргіншілер жолын салу жобасы бар. Аталған мақсатқа 665 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар Медеу табиғи паркін абаттандыру жұмыстарының бастапқы кезеңіне 2 млрд теңге бөлінуі көзделіп отыр.

Бұл шешім әлеуметтік желілерде алматылықтардың Үлкен Алматы көліне жаяу бару кезінде арнайы жолдың жоқтығына байланысты қауіп төнетіні жөніндегі шағымдарынан кейін қабылданған.

Еске салайық, 2025 жылдың ақпан айында Үлкен Алматы көліне апаратын "Алматы–Космостанция" автожолы (8–34 км) Алматы әкімдігінің меншігіне берілген болатын. Қалалық туризм басқармасының хабарлауынша, жол төсемінің апатты жағдайына және тау жыныстарының құлау қаупіне байланысты бұл бағыт автокөліктер үшін уақытша жабық. Қазіргі уақытта жолды жаңарту бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу