Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты қандай шешім шығарады?

263

Базалық мөлшерлеме төмендейді. Сарапшылар осындай болжам жасап отыр.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты қандай шешім шығарады? Фото: Inbusiness.kz

Ертең еліміздің бас банкі базалық пайыздық мөлшерлемеге қатысты биылдыққа алғаш рет шешім шығарады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ставка төмендесе енді ғана ес жиып келе жатқан инфляция шарықтап кетпей ме? Төл теңгеміздің бағамы биыл қандай болады?

Ертең Ұлттық банк ел үшін маңызды шешім қабылдамақ. Білетініміз былтыр яғни, желтоқсан айында инфляция жылдық мәнде баяулап 9,8 пайыз болды. Демек, базалық пайыздық мөлшерлемені біртіндеп төмендетуге негіз бар. Соңғы рет ол 15,75 пайыз болып белгіленген еді. Мөлшерлеменің төмендеуі не нәрсеге әсер етеді? Алдымен, несиенің пайызы біршама болса да төмендейді. Жаңа кредит алатындар саны артуы мүмкін деген сөз. Оған қоса, көрші елдердегі жағдайды ескеріп, еліміздің бас банкі ақша-несие саясатын сақтықтпен жүзеге асыру қажет деп санайды сарапшылар.

"Ресейде керісінше, инфляция үдеп кетті. Тиісінше, олардың орталық банктері қазір базалық пайыздық мөлшерлемені көтеріп жатыр. Осы ретте біздің төмендетіп жатқанымыз ол керісінше, біздегі инфляцияның көтеріліп кетуіне әсер етуі мүмкін",- дейді экономист Мақсат Халық.

Шынында, инфляцияны төмендеуіне және теңге бағамының жақсарып тұруына дәл базалық мөлшерлеменің жоғары болуы әсер еткен еді. Енді ол төмендесе теңгелік инструменттерге деген қызығушылық азаяды. Яғни, ұлттық валютадағы құнды қағаздарға инвестиция салатындар сирей береді. Инфляцияның да жақсаруы былтырғыдай болмайды дейді, мамандар.  

"Жыл соңына қарай инфляция 8,5 пайыз төңірегінде болады деген болжам жасап отырмыз. Бірақ, былтырғы қарқынмен төмендемейді. 8,5 пайыз дегеннің өзі де жоғары. Өйткені, қалыпты экономика үшін инфляция 7 пайыз төңірегінде болу керек", - дейді Halyk Finance аналитикалық орталықтың басшысы Асан Құрманбеков.

Айта кету керек, өткен жылы шетел валютасындағы депозит 18 пайызға қысқарып, ал теңгедегі депозит 26 процентке көбейген. Барлық валютадағы депозиттердің жалпы көлемі 34,7 триллион теңгеге жетті. Базалық пайыздық мөлшерлеме төмендесе, теңгедегі депозиттің де азаю ықтималдылығы жоғары. Қайткен күннің өзінде барлығы ертеңге Ұлттық банктің шығарған шешіміне байланысты болып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу