Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14,00% деңгейінде белгіледі

619

ҚР Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 14,00% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14,00% деңгейінде белгіледі

"Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 15,00%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 13,00% болады. Шешім қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада инфляция тәуекелдерінің ағымдағы теңгерімі, сондай-ақ Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдары ескеріле отырып қабылданды", – деп хабарлады бас банкте. 

Елдің негізгі қаржы институтының дерегінше, базалық мөлшерлеменің осы деңгейі өзгерістер болмаған жағдайда 2024 жылға қарай инфляцияның бірқалыпты төмендеуін қамтамасыз етеді. Ақша-кредит талаптары 2023 жылы инфляциялық процестердің баяулауына қарай қалпына келеді.

"2022 жылғы мамырда жылдық инфляция 14%-ды құрап, жеделдеуін жалғастырды. Бұл ретте тұтынушылық бағалар индексінің барлық құрамдас бөліктерінің жылдамдауын атап өткен жөн. Тамақ өнімдері бағасының өсуі жылдық инфляцияға барынша көп үлес қосуда. Тауар жеткізудің логистикалық тізбектеріндегі үзілістердің және тұрақты сұраныстың аясында импортты құрауышы жоғары тауарлар бағасының өсу үрдісі жалғасты. Реттелетін коммуналдық қызметтер мен ЖЖМ бағасының көтерілуіне мораторий инфляцияны тежеп отыр. Айлық инфляция мамырда 1,4%-ға дейін (сәуірде – 2%) баяулауын жалғастырса да, орташа тарихи нормадан асып, жоғары болып отыр. Айлық инфляцияның бәсеңдеу қарқынының төмен болуы оң фискалдық серпін кезіндегі тұрақты ішкі сұранысқа, әрі жоғары инфляциялық күтулерге де байланысты", – деп жазылған хабарламада. 

Инфляция жеделдеуінің негізгі тәуекелдері әлемдегі геосаяси жағдай аясындағы белгісіздікке, капиталдың дамушы нарықтардан дамыған нарықтардың пайдасына әкетілу ықтималдығына, сыртқы, атап айтқанда Ресейден инфляция импортына, сондай-ақ ұсыныс факторлары тарапынан тәуекелдерге және тұрақсыз инфляциялық күтулерге байланысты.

Сонымен қатар 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда көзделген параметрлермен салыстырғанда бюджет шығыстарын арттыру жағына қарай ықтимал қайта қарау болжамның маңызды тәуекелдерінің бірі болып табылады.

Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешімдер инфляцияның нақты динамикасының болжамды траекторияға сәйкестігіне және сыртқы ортада және ішкі экономикада қалыптасып отырған тәуекелдер теңгеріміне байланысты қабылданатын болады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2022 жылғы 25 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланатын болады.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу