Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,75%-ға дейін төмендетті

248

Жылдық инфляция 2024 жылғы қаңтарда 9,5%-ға дейін баяулады. 

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,75%-ға дейін төмендетті Фото: inbusiness.kz

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-несие саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.п. дәлізімен жылдық 14,75 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,75% дейін 50 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады.

Қаңтарда жылдық инфляцияның төмендеу үрдісі жалғасын тапты. Инфляциялық күтулер үш ай қатарынан баяулап келеді. Ал айлық инфляция орташа жылдық мәндерден жоғары қалыптасуда. Сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап күйде қалыптасып отыр. Бірқатар сауда-серіктес елдерде инфляция біршама қарқын алып, сыртқы инфляциялық қысым сәл күшейді. Әлемдік азық-түлік бағасында төмендеу үрдісі жалғасып, сыртқы инфляциялық жағдайға оң әсерін тигізіп отыр. Ішкі экономикада орнықты ішкі сұранысқа және тұрақтана қоймаған инфляциялық күтулерге байланысты инфляциялық қысым сақталып отыр.

Бүгінгі жағдайда ақша-кредит саясатын жұмсартуға мүмкіндік едәуір шектеулі. Инфляциялық факторларда қалыптасқан баланс, оның қазіргі (айлық) қарқынының динамикасы және фискалдық саясат параметрлеріндегі белгісіздік алдағы уақытта шешім қабылдау кезінде базалық мөлшерлеменің бүгін қалыптасқан деңгейінде сақталу ықтималдығын арттырып отыр. Бұл ретте деректерді жинау, сондай-ақ экономикалық және фискалдық реформалардың іске асырылуын мониторингтеу қажет", - делінген банк хабарламасында.

Еске сала кетейік, 19 қаңтарда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/– 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 15,25 пайызға дейін төмендеткен болатын. Бұған дейін базалық мөлшерлеме 15,75 пайыз болған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу