Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,25%-дан 15,75%-ға дейін төмендетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жылдық инфляция он екі ай бойы төмендеп, ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен теңге бағамының қолайлы динамикасы жағдайында 2026 жылғы қыркүйекте 9,3% болды.
"Азық-түлік инфляциясы жеміс-жидек пен көкөніс мейлінше арзандап, ет бағасының өсу қарқыны баяулағанына байланысты 8,5%-ға (9,5%) дейін төмендеді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция ЖЖМ (жанар-жағармай) бағасының жылдық өсу қарқыны төмендегендіктен 11,0%-ға (11,4%) дейін баяулады. Қызметтер инфляциясы реттелмейтін қызметтер бағасының өсу қарқыны жоғары болған кезде 8,9% деңгейінде сақталды. Айлық инфляция қыркүйекте 0,6% (тамызда 0,6%), маусымдық факторлардан тазартылғанда 0,7% (0,9%) болды. Базалық инфляцияның маусымдық факторлардан тазартылған медианасы 0,7% деңгейінде қалды, бұл өз кезегінде баға қысымы сақталып отырғанын көрсетеді", – делінген Ұлттық банк таратқан ақпаратта.
Таяу Шығыстағы жағдай энергия көздеріне әлемдік бағаның жоғары болғанын қолдап тұрғаны белгілі болды.
"ФАО азық-түлік бағасының индексі қыркүйекте бір айда 1,5%-ға және жылдық мәнде 5,8%-ға ұлғайып, 136,0 тармаққа дейін көтерілді. Осы өсімге, көбіне, қолайсыз күн райы мен логистикалық шектеулерге байланысты дәнді дақылдардың, қант пен өсімдік майының қымбаттағаны түрткі болды. Жаһандық монетарлық шарттар қатаңдап келеді. Қыркүйекте ЕОБ – мөлшерлемелерді биыл екінші рет, ал ФРЖ – 2023 жылдан бері алғаш рет көтерді. Ресей Банкі негізгі мөлшерлеме деңгейін сақтап, баға қысымы күшейгесін оны төмендету үрдісін тоқтатты", – делінген хабарламада.
Ұлттық банктің мәліметінше, қазіргі тәуекелдер теңгерімін ескерсек, базалық мөлшерлемені 2026 жылдың соңына дейін өзгерту ықтималдығы төмен.
"Мөлшерлемені одан әрі төмендету мәселесі баға қысымының орнықты бәсеңдеуіне байланысты болады. Бұдан кейінгі шешімдер инфляция динамикасы, инфляциялық күтулер мен тәуекелдер теңгерімінің өзгеруіне қарай қабылданады. Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 4 желтоқсанда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады", – деп хабарлады Ұлттық банк.
Айта кету керек, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендеткенін жазғанбыз.