Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,00% деңгейінде сақтап қалды

746

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10% және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 8% болады, деп хабарлайды inbusiness.kz Ұлттық Банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,00% деңгейінде сақтап қалды

Жылдық инфляция серпіні Ұлттық Банктің бағалауынан төмен. 2021 жылдың наурыздағы қорытындысы бойынша 7%-ға дейін төмендеді. Биылғы ақпан мен қаңтардағы көрсеткіш 7,4% болған.

Ұлттық банктің мәліметінше, ішкі экономикадағы ахуал біртіндеп жақсарып, банктің болжамдарына сәйкес дамып келеді (2021 жылы 3,4-3,7%-ға өсті). Қазақстан экономикасы 2021 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жылдық мәнде 1,6%-ға қысқарды. Қаңтарда ІЖӨ-нің төмендеуінен кейін ақпанда экономиканың қысқару қарқыны баяулады. Наурызда ІЖӨ серпіні өсу аймағына өтті. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік сектор салалары тұрақты өсуді көрсетті. Тау-кен, сауда және көлік салалары ІЖӨ серпініне негізгі теріс үлес қосты.

"Ұлттық банктің кәсіпорындарға жүргізген сауалнама қорытындысы нақты секторда көңіл-күйдің жақсарғанын көрсетеді. 2021 жылдың наурызында іскерлік белсенділік индексі 2020 жылдың басынан бері алғаш рет 50 белгісінен асып, 50,6 болды. Экономикалық белсенділіктің қалпына келуі өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласында байқалады. Құрылыста іскерлік белсенділіктің төмендеу үрдісі жалғасып, көрсеткіш 0,9 тармаққа төмендеді. Сонымен қатар кәсіпорындар бизнесті жүргізу жағдайларының жақсарғанын атап өтті", – делінген хабарламада.

2021 жылғы қаңтар-ақпанда халықтың нақты кірісі оң серпінді көрсетіп, 3,3%-ға өсті. Кірістің өсуі нақты жалақы мен зейнетақы өсуінің сақталуына байланысты.
Ұлттық банк сыртқы сектордағы ахуал белгісіз күйінде қалып отырғанын мәлімдеді. Айтуынша, жүргізіліп жатқан вакцина егу және қосымша қаржылық қолдау шараларын қабылдау аясында бірқатар елдерде бұрынғы болжамға қарағанда әлемдік экономиканың күшті өсуі күтілуде. ХВҚ 2021 жылы әлемдік экономиканың өсу болжамын 5,5%-дан 6,0%-ға дейін, оның ішінде Қазақстанның сауда әріптес елдерінің экономикасы арасында: ЕО бойынша – 4,2%-дан 4,4%-ға дейін, Қытай бойынша – 8,1%-дан 8,4%-ға дейін, Ресей бойынша – 3,0%-дан 3,8%-ға дейін көтерді. Сонымен бірге 2021 жылдың қазан айындағы бағалауымен салыстырғанда, ХВҚ Қазақстан экономикасының өсуін 3,0%-дан 3,2%-ға дейін қайта қарады.

Сыртқы және ішкі проинфляциялық тәуекелдерді ескере отырып, жылдық инфляцияның одан әрі баяулауы неғұрлым баяу қарқынмен жүруі мүмкін. Электр энергиясына тарифтердің өсуі және республикалық бюджет шығысының басым түрде Ұлттық қордан 850 млрд теңгеге қосымша нысаналы трансферт бөлу есебінен ұлғаюы болжамның жаңа талаптары болып табылады, сондай-ақ қысқа және орта мерзімді кезеңде инфляция траекториясына әсерді бағалауды талап етеді.

Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім алдағы "2021 жылғы мамыр-маусым" болжамды раундының нәтижесіне сай қабылданады және инфляция мен басқа макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жаңартылған болжамдарға, сондай-ақ тәуекелдер теңгеріміне негізделеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2021 жылы 7 маусымда Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 15:00-де жарияланады.

Серік Селеубайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу