Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 15,75%-ға дейін төмендетті

268

24 қарашада Қазақстан Ұлттық банкінің базалық мөлшерлеменің деңгейі туралы кезекті шешімі жарияланды. 

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 15,75%-ға дейін төмендетті Фото: inbusiness.kz

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Мұндай шешімге келуге Ұлттық Банктің болжамдарды жаңартуы, деректерді талдауы және инфляция тәуекелдерінің балансын бағалауы себеп болды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Қазақстан Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Жылдық инфляция белсенді түрде баяулап келеді. Алдағы айларда оның көрсеткіші бір таңбалы мәнге жетеді деп күтіледі. Қазанда айлық инфляция орташа тарихи мәндерге дейін баяулады. Сыртқы инфляциялық қысым орталық банктердің қатаң саясаты мен әлемдік азық-түлік бағасының төмендеуі аясында бәсеңдеп келеді. Алайда назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдер бар. Ішкі экономикада фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер тарапынан проинфляциялық қысым сақталып отыр", – деп түсініктеме берді Ұлттық банк.

Сонымен қатар, базалық мөлшерлеме бойынша қабылданатын алдағы шешімдер нақты инфляция динамикасының оның болжамды траекториясына сәйкестігіне байланысты болады. Инфляция бойынша 5% мақсатына қол жеткізу қажеттілігі ортамерзімді кезеңде ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұстап тұруды талап етеді.

"Жылдық инфляция 2023 жылғы қазанда баяулап, 10,8%-ды құрады және алдыңғы болжамды диапазонның төменгі шегіне жақындап келеді. Айлық инфляция 2023 жылғы қазанда өзінің орташа тарихи мәндеріне дейін төмендеп, 0,7%-ды құрады. Баға өсімі қазір жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатына, жаһандық инфляциялық қысым мен өндірістік шығындардың төмендеуіне, логистикалық тізбектердің біртіндеп қалпына келуіне, билік қабылдаған шараларға, сондай-ақ өткен жылғы жоғары базаның ықпалына байланысты баяулап келеді", – делінген Ұлттық банктің баспасөз хабарламасында.

Бұдан бөлек, базалық және маусымдық факторларды ескермейтін инфляция көрсеткіштері тұрақталды. Алайда, олар таргеттен жоғары қалыптасып, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің кең ауқымына бағаның орнықты өсуін көрсетіп отыр.

Айта кетсек, инфляцияның бірқалыпты баяулауына қарамастан, халықтың инфляциялық күтулері жоғары деңгейде сақталуда және жекелеген тауар нарықтарында ахуалдың өзгеруіне сезімтал күйінде қалып отыр.

Сондай-ақ, 2023 жылғы қазанда алдағы бір жылда күтілетін инфляция көрсеткіші өсті. Жанар-жағармай бағасының өсуі мен азық-түлік өнімдері бағасының динамикасы жоғары күтулердің негізгі факторына айналды.

Еске сала кетейік, Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімін 2024 жылғы 19 қаңтарда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жариялайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу