Ұлттық банк инфляцияны орта мерзімде 5%-ға дейін төмендетуге бел буды

2024 жылдан бастап республикалық бюджеттің параметрлерін қалыптастыру кезінде оны жоспарлау сапасын, мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру қажет.  

Ұлттық банк инфляцияны орта мерзімде 5%-ға дейін төмендетуге бел буды Фото: Inbusiness.kz

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Сенат отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Инфляция – орнықты экономикалық өсу мен әлеуметтік тұрақтылықтың басты сын-қатері. Сондықтан экономика сарапшыларының пікірінше, қазіргі таңда ең маңызды міндет – инфляцияны тұрақтандыру. Ұлттық Банк инфляцияны әрі қарай тұрақтандыру үшін дезинфляциялық саясатты жалғастырады. Инфляция динамикасын және мемлекет дамуының өзге де макроэкономикалық параметрлерін қадағалап, ақша-кредит саясаты бойынша жан-жақты сараланған, теңгерімді шешімдер қабылдайды", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Сүлейменовтың айтуынша, Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп Инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша 2023-2024 жылдарға арналған шаралар кешенін іске асыруды жалғастырады.

"Инфляциялық процестерді тежеу аясында мемлекеттік қаржыны теңгерімді ету және оның мұнай түсімдеріне тәуелділігін төмендету бойынша реформалардың қажеттігін де атап өткен жөн. 2024 жылдан бастап республикалық бюджеттің параметрлерін қалыптастыру мен нақтылау кезінде бюджеттік жоспарлау сапасын, мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру және контрциклдық бюджет қағидаларын қатаң сақтау қажет деп санаймыз.

Осындай ортақ жұмысымыз, инфляцияның орта мерзімді 5%-дық деңгейіне қол жеткізуге және қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуіне қолайлы макроэкономикалық жағдай жасауға ықпал етеді деп сенеміз", – деп қорытындылады бас банк төрағасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу