Ұлттық банк қажет болған жағдайда интервенциялар жүргізеді

Бас қаржы ұйымы валюта нарығындағы өзгерістерге қатысты түсініктеме берді.  

Ұлттық банк қажет болған жағдайда интервенциялар жүргізеді Фото: nationalbank.kz

Наурыздың 10-12-сі күндері АҚШ-тың технологиялық секторға қызмет көрсететін екі банкі: Silicon Valley Bank пен Signature Bank жабылатыны туралы ақпарат тарады.

Әлемнің қаржы нарығында құбылмалылық артып, АҚШ пен Еуроаймақтағы банк секторына қатысты инвесторлардың алаңдаушылығы артқаны байқалды.

АҚШ-тағы жергілікті дағдарыстың Еуроаймақтағы банктерге әсер ету тәуекелдері Credit Suisse атты Швейцария банкінің акция құнын төмендетті. Швейцарияның орталық банкі нарықтағы сенімді қалпына келтіру үшін банкке шұғыл өтімділік беру туралы шешім қабылдады.

"Соңғы күндері әлемде болып жатқан осы тектес оқиғалар ішкі валюта нарығына да әсер етіп отыр. АҚШ доллары айтарлықтай құбылып, ұлттық валютаның әлсірей бастағаны сезілді. Бұл мұнай бағасының барреліне 73-74 доллар деңгейіне дейін төмендеуімен қиындай түсті. Әйтсе де, АҚШ пен Еуроаймақ банктеріндегі жергілікті дағдарыстардың Қазақстанның қаржы нарығына ықпалы шектеулі. Сақталған профицитті ескергенде, банк жүйесіндегі өтімділік жеткілікті", – деп хабарлады бас банк.

Ұлттық Банк валюта нарығындағы өтімділікті сақтау және айырбастау бағамының күрт ауытқуын реттеу үшін валюталық интервенциялар жүргізу құқығын сақтайды.

"Бұл теңгенің ақылға қонымды құбылмалылығын шектемей, бағам белгілеудегі нарық тетіктерін қолдайды дегенді білдіреді. Қажет болған жағдайда интервенциялар жүргізіледі және тиісті ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланады", – деп жазылған ҰБ хабарламасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу