"Қазақстанның жер қойнауы" сериясына жататын монета күмістен жасалып, құрамына сирек металл – ниобий қосылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ұлттық банктің мәліметінше, монета 925 сынамалы күмістен дайындалған.
Оның жалпы салмағы – 32,8 грамм. Оның 31,1 грамы күміске, ал 1,7 грамы ниобийге тиесілі.
"Ниобий – атомдық нөмірі 41 болатын сирек металл. Ол металлургияда, электроникада, сондай-ақ аэроғарыш және атом өнеркәсібінде қолданылады. Металлдың атауы ежелгі грек мифологиясындағы Танталдың қызы Ниобаның есімінен шыққан", – делінген хабарламада.
Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша, сондай-ақ елдегі барлық банкте банк шотына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады.
Монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.