Ұлттық Банк төрағасы базалық мөлшерлемені төмендетуге негіз жоқ деп есептейді

1116

2022 жылдың екінші тоқсанында инфляция өсуі мүмкін.  

Ұлттық Банк төрағасы базалық мөлшерлемені төмендетуге негіз жоқ деп есептейді

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті осы жылдың 25 сәуірінде базалық мөлшерлемені + / - 1,00 п. т. пайыздық дәлізімен жылдық 14% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мұның себебі бас банк төрағасы Ғалымжан Пірматов арнайы брифингте түсіндірді. 

Айтуынша, қазіргі жағдайда инфляцияның өсу үрдісін кері қайтару үшін базалық мөлшерлемені арттыру қажет. Бұл ретте базалық мөлшерлеменің деңгейіне қатысты шешім теңдестірілген және бұл шешім оның экономикалық белсенділікке әсерін ескере отырып қабылданады.

"Біз бұдан несиелеуге және экономикалық өсуге айтарлықтай қауіп төндірмейтінін көріп отырмыз, бірақ инфляцияны бақылау үшін аса маңызды. Белгіленген базалық мөлшерлеменің деңгейіне қатысты айтатын болсақ, қазіргі уақытта оңтайлы шешім болғаны сөзсіз және бүгінгі қалыптасқан жағдайға толықтай сәйкес келеді.  Жұмсартылған ақша-кредит саясаты бір мезеттік күмәнді пайдаға кенелтуі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімді перспективада оның салдары қайтарымсыз болады", – деді спикер баспасөз мәслихатында. 

Ұлттық Банк төрағасының айтуынша, несиелендіру көлемінің өсуіне қарап экономикалық белсенділікті бағалауға болады. Мәселен, бірінші тоқсанда экономикаға берілген жаңа кредиттердің көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25,3%-ға ұлғайды, оның ішінде бизнеске – 19,6%, халыққа – 32,5%.

"Дегенмен 2022 жылдың наурыз айының қорытындысы көрсеткендей, белгісіздік белең алып, несие беру шарттары өзгеріп жатқан жағдайда мөлшерлеменің көтерілгені кредиттеу үшін тежеуші фактор болмайды", – деді Ғалымжан Пірматов.

Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған бұл шешім теңгедегі активтердің тартымдылығын арттырады. 

"Сонымен қатар инфляциялық күтулердің траекториясын, инфляция бойынша жаңартылған болжамдарды, жиынтық сұраныс пен импортты, сондай-ақ басқа да қосымша инфляциялық қатердің пайда болу тәуекелін ескере отырып, ақша-кредит шарттарын одан әрі күшейту үшін де сақталған мүмкіндік бар", – деп түйіндеді Ғалымжан Пірматов.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2022 жылы 6 маусымда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланады.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу