Ұлттық банк зейнетақы активтерінің валюталық бөлігін 30% деңгейінде арттырмақ

2022 жылы БЖЗҚ портфеліндегі валюталық активтердің үлесі төмендеді.  

Ұлттық банк зейнетақы активтерінің валюталық бөлігін 30% деңгейінде арттырмақ Фото: nationalbank.kz

Бұл туралы ҚР ҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынхановтың түсіндірмесінде жазылған.

"Активтердің айтарлықтай көлеміне қатысты теңгерімді инвестициялық саясатты жүргізу – портфельді әртараптандыруды талап етеді, оны тек жергілікті бағалы қағаздар нарығы аясында жүзеге асыру мүмкін емес. 2016-2019 жылдар аралығында БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі кезең-кезеңімен 17%-дан 33%-ға дейін ұлғайтылды", – деді спикер.

Бұл ретте БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық бөлігін тиімді басқару мақсатында шетел активтерінің негізгі санаттарына инвестициялауды көздейтін стратегиялық бөлу әзірленді. Бұл – әлемдік акциялар, дамыған және дамушы елдердің облигациялары, инвестициялық деңгейдегі эмитенттердің корпоративтік облигациялары.

"2022 жылдың қорытындысы бойынша, зейнетақы активтерінің өсуі жағдайында, оның ішінде инвестициялық кіріс есебінен БЖЗҚ портфеліндегі валюталық активтердің үлесі төмендеп, 28,4%-ды көрсетті. Зейнетақы активтерінің одан әрі күтілетін өсімін ескере отырып, БЖЗҚ портфеліндегі валюталық үлес 2023 жылдың соңына қарай 24,3%-ға дейін төмендеуі мүмкін", – деп ескертті ҰБ өкілі.

Зейнетақы активтеріндегі валюталық үлестің күтілетін төмендеуін ескере отырып, Ұлттық Банк 2023 жылға дейін шетел валютасын кезең-кезеңімен сатып алуды жоспарлап отыр.

"Валюта позициясын 30% деңгейде ұстап тұру үшін шамамен 2 млрд АҚШ долларын сатып алу қажет болады. Осынша мөлшердегі ақшаны сатып алу валюта нарығына айтарлықтай әсер етпейді, өйткені ол орташа тарихи мәндердің 6-7 пайызынан аспайды (KASE-дегі жылдық сауда көлемі 2022 жылдың аяғында 29,7 млрд болды). Сонымен қатар, шетел валютасын сатып алу бойынша бұл операциялар Қазақстан қор биржасының алаңында жыл бойы біркелкі қалыпта жүзеге асырылады", – деді Нұржан Тұрсынханов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу