Ұлттық банк жаңа 500 теңгелік банкнотты көпшілікке таныстырды

204

Жаңа 500 теңгелік банкнота 2025 жылғы 25 желтоқсаннан бастап айналымға енгізілді.  

Ұлттық банк жаңа 500 теңгелік банкнотты көпшілікке таныстырды Фото: nationalbank.kz

Қазақстан Ұлттық банкі "Сақ стилі" сериясымен шыққан жаңа 500 теңгелік банкноттың қорғаныш элементтерін таныстырды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл – "Сақ стилі" сериясымен жарық көрген бесінші банкнота. Оның дизайны дәстүрлі қазақ ою-өрнегінің бастауы саналатын сақ мәдениетінің көркемдік элементтеріне негізделген.

ҚР ҰБ өкілдері жаңа банкнотты жалған ақшадан ажыратуға көмектесетін бірнеше қорғаныш элементі барын атап өтті. Атап айтқанда, ақша белгісінде арнайы баспа технологиясы – алтын интаглио қолданылған. Қазақстан Республикасының елтаңбасы алтын түстес металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған.

Сондай-ақ банкноттың алдыңғы бетінде саусақпен сезілетін рельефті элементтер бар. Бұл белгі көру қабілеті нашар азаматтарға арналған.

Бұдан бөлек, банкнотта үзік-үзік түрде орналасқан монохромды қорғаныс жібі енгізілген. Жарыққа тосқанда ол біртұтас жіпке айналады. Ал банкнотаны еңкейтіп, көлбеу бұрышын өзгерткенде көгілдір түстің лүпілдеп тұратын динамикалық әсері байқалады.

Сонымен қатар ақшада су белгісі – электротип қорғаныш элементі қарастырылған. Банкнотты жарыққа тосқан кезде номиналдың бейнесі анық көрінеді. Ұлттық банк қазақстандықтарға банкноттың түпнұсқалығын қарапайым тәсілдер арқылы тексеруге болатынын еске салды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу