Ұлттық банкі: Елімізде шағын және орта бизнес тарапынан несиеге сұраныс өсті

492

Ұлттық банк 2022 жылдың III тоқсанындағы кредиттеу бойынша банктерде жүргізілген сауалнама қорытындысын жариялады, деп жазады inbusiness.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Ұлттық банкі: Елімізде шағын және орта бизнес тарапынан несиеге сұраныс өсті Фото: businessmir.kz

Ақпаратқа сәйкес, III тоқсандағы сауалнаманың қорытындысы бойынша жекелеген банктердегі несие құнының үздіксіз өсуіне қарамастан, шағын және орта бизнес тарапынан несиеге сұраныс біршама өсті, ал ірі бизнес тарапынан - өзгерген жоқ.

"Шағын бизнес тарапынан несиеге сұраныстың артуы, негізінен, ірі банктерде байқалды. Есепті тоқсанда келіп түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны 417 мыңға дейін тоқсаннан тоқсанға (бұдан әрі – т/т) 35%-ға өсті, ал өтінімнің орташа мөлшері 25,9 млн теңгеге дейін т/т 11%-ға ұлғайды. Ірі банктер есептік тоқсандағы кредиттік өтінімдер ағынын және олардың орташа мөлшерінің ұлғаюын "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба" мемлекеттік бағдарламасы бойынша қаражат бөлінуімен түсіндіреді. Оған қоса, өтінімдер санының өсуі қолданыстағы скорингтік несие өнімдерінің дамуымен немесе іске қосылуымен де байланысты", - делінген хабарламада .

ІІІ тоқсан қорытындысы бойынша орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке деген сұраныс оң динамикада қалыптасты. Мәселен, кредиттік өтінімдер саны 4,4 мыңға дейін 12%-ға өсті, ал өтінімнің орташа мөлшері 251 млн теңгеге дейін 5%-ға төмендеді. Орта кәсіпкерлік тарапынан өтінімдер скорингтік модельдер негізіндегі кепілсіз кредиттік өнімдерге тиесілі.

Банктердің көпшілігінде ірі бизнес тарапынан сұраныс өзгерген жоқ дегенмен несие алуға өтінімдер саны азайған. Кредиттік өтінімдердің жалпы саны 156-ға дейін т/т 23%-ға төмендеді, ал өтінімнің орташа мөлшері 5,8 млрд теңгеге дейін, 23%-ға азайды.

Дегенмен, ірі банктерде несие алуға берілген өтініштерді мақұлдау коэфициенті өскен. Шағын бизнес өтінімдері 40%-ға және ірі бизнестікі 58%-ға дейін ұлғайған. Ал, орта бизнестің несие алуға берген өтінімдері бойынша мақұлдау үлесі 48%-ды құрап, біршама төмендеді.

"Жекелеген банктер сыйақы мөлшерлемелерінің аздап өсуіне, маржаның ұлғаюына және кейбір кредиттік өнімдер бойынша ең жоғары мерзімнің қысқаруына байланысты кредиттеу талаптарының күшейгенін атап өтті. Есепті тоқсанда сыйақы мөлшерлемелері, негізінен, ірі бизнес сегментінде өсті. Ірі банктердің пікірі бойынша, келесі тоқсанда шағын және орта бизнес тарапынан кредитке деген сұраныс теріс болады, себебі олар несие бойынша сыйақы мөлшерлемелерін көтеруді жоспарлап отыр. Бұл ретте, жекелеген банктер нарықтағы ірі қарыз алушылар санының өсу мүмкіндігі аясында ірі бизнес тарапынан сұраныстың біршама ұлғаюын күтеді", - делінген Олжас Күбенбаевтың түсіндірмесінде.

Сондай-ақ, ақпаратқа сәйкес ІІІ тоқсанда ипотекалық және тұтынушылық қарыздар сегментінде жеке кредиттеуге сұраныс ұлғайды. Ал автокредитке деген сұраныс біршама төмендеді.

"Банктердің пайымдауы бойынша, есепті тоқсанда ипотекалық қарыздарға сұраныстың артуы объектілерді пайдалануға берумен байланысты болды. Алайда, ол бойынша түскен өтінімдер саны 258 мыңнан 183 мыңға дейін қысқарды, бұл жеке банктегі сұраныстың II тоқсанда күрт өскеннен кейін алдыңғы мәндерге кері келуіне байланысты болды. Бұл төмендеу жалпы сұраныс көрсеткшінің өсуіне әсер бермегенін айтып өткен жөн. Сонымен қатар, ипотекалық кредиттеу талаптарында айтарлықтай өзгерістер байқалмады және ол бойынша мақұлдау үлесі өткен тоқсандар деңгейінде сақталды (38%)", - делінген ақпаратта.

Кейбір банктер тұтынушылық қарыздарға сұраныстың ұлғаюын атап өткен. Оған себеп халықтың ұзақ мерзімді тауарларға жұмсайтын шығыны өскен. Басқа банктер мұны маркетингтік акциялар және науқандармен байланыстырады. Осылайша, бұл тоқсанда кепілді тұтыну қарыздары бойынша келіп түскен өтінімдер саны т/т 15,3%-ға және кепілсіз тұтыну қарыздары бойынша т/т 10,3%-ға өсті.

Өз кезегінде, кепілмен қаматамсыз етілген тұтыну кредиттері бойынша мүлікке қойылатын талаптар жеңілдетілді, ал кепілсіз қарыздар сегментінде клиенттердің төлем қабілетіне қойылатын талаптар күшейтіліп, кредит лимиті мен өтеу мерзімі ұлғайды.

"Ал, бұл тоқсанда автокредитке деген сұраныстың төмендеуі автомобильдерді салонға жеткізудің кешеуілдеуімен байланысты болды. Сонымен қатар, жекелеген ірі банктер автокредит бойынша сыйақы мөлшерлемелерін көтерді, бұл да сұраныстың төмендеуіне әсер етті. Осылайша, есепті тоқсанда автокредиттеу сегментінде келіп түскен өтінімдер бойынша бас тарту үлесі алдыңғы тоқсан көрсеткішіндей 88% деңгейінде сақталды", - делінген Олжас Күбенбаевтың түсіндірмесінде.

IV тоқсанда банктер кепілсіз және кепілді тұтыну қарыздарына да сұраныс артып, ипотекалық кредиттеу талаптары күшейтіледі деп күтеді.

2022 жылғы III тоқсанда кредиттеу бойынша банктерде жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Ұлттық Банк сауалнаманы кредиттік ресурстардың сұранысы мен ұсынысындағы өзгерістерді бағалау мақсатында тоқсан сайын жүргізеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу