Бұл жолы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Сенаттың жалпы отырысынан соң өнертапқыш Алтай Айнабекке қатысты пікір айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Алтай Айнабек деген Қазақстан азаматы Өзбекстанда қолдан жаңбыр жауғызатын аппаратын сәтті сынақтан өткізіп, жауын жауғызғанын әлеуметтік парақшаларында мәлімдеп жатыр. Сол Өзбекстанға іргелес жатқан оңтүстік өңірлердің кейбір жерінде қуаңшылық белгілері байқалып отыр. Қазақстан бұл жобаға неге қолдау көрсетпеді?" деп сұрады БАҚ өкілдері.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мұндай жоба туралы бір рет ғана естігенін, бірақ мұны мұқият зерттеу керек екенін жеткізді.
– Шынымды айтсам, ондай жаңалықты бірінші рет естіп тұрмын. Ештеңе айта алмаймын. Аппарат бар, жаңбыр шығарады, ол – өте ерекше жағдай. Менің бір естігенім бар. Бір депутаттар жиналып, Маңғыстауда жаңбыр шақыратын аппарат сатып алған. Менің білуімше, кейін органдар осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған. Сол себепті ондайды дұрыстап тексеру керек. Жалпы айтқанда, сенбеймін, – деп сөзін түйіндеді Премьер-министрдің орынбасары.